Әскери қызметкерлердің қазасы: Қорғаныс министрлігі маңызды мәлімдеме жасады

Бүгін, 12:47 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі әскердегі сарбаздар мен қызметкерлердің қазасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның ақпаратынша, Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен әскерде қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды.

"Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады.

Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді. Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды", - делінген хабарламада.

Бірінші. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды.

Екінші. Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.

Үшінші. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.

Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.

Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

"Орын алған барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Қабылданып жатқан барлық шаралар ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Жамбыл облысында әскер қатарына шақырылған сарбаздың қаза тапқаны туралы хабарлаған болатын. Бұл қайғылы оқиға 27 қаңтар, сейсенбі күні болды. Әскер қатарына шақырылған сарбаздың «қарумен жұмыс жасау кезінде өлімге әкелетін жарақат алғаны» хабарланды. Әскерінің қазасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімде күзет қызметін атқарып жүрген сарбаз бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атты. Алған жарақатынан ол көз жұмды.

Сондай-ақ 7 қаңтарда Ұлттық гвардия Шымкентте әскер қатарына шақырылған сарбаздың қаза болғанын хабарлады. Әскер қызметшісінің өлімінің алғашқы себебі ретінде өткір лейкоз аталды.

Ал 14 қаңтарда Қазақстан армиясында келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскери қызметші қаза болды. Ақтау гарнизонының Оймаша әскери полигонынан бөлім қайтып келе жатқанда, кіші сержантты әскери КамАЗ басып кеткен.