Ипотека беру шарттарын жеңілдету қажет – Мұқаш Ескендіров

Бүгін, 12:02 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, баспана мәселесі – әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың және халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі. Мәжіліс депутаттарының Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында тұрғындар тарапынан тұрғын үй саласына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер көтерілген.

Сауалда алдымен коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы баспана беру мәселесіне назар аударылды. Қазіргі таңда Жамбыл облысында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 азамат тіркелген. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, 1 425 пәтер алынған.

Алайда бұл пәтерлерді осал топтағы азаматтарға үлестіру қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты кешеуілдеп отыр. Депутаттың мәліметінше, бұрын жергілікті атқарушы органдар атқарған функциялар «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне беріліп, баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою толықтай электрондық база арқылы жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай бөлуге қатысты өтініштерге дер кезінде жауап берілмей, кезекте тұрған азаматтардың деректерін түзету және жаңарту жұмыстары баяу жүргізілуде. Бүгінде кезекте тұрған 57 434 азаматтың тек 10 пайызының деректері ғана жаңартылған. Мұқаш Ескендіров мұның негізгі себептері ретінде түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану барысында туындайтын қиындықтарды атады.

Осы ретте депутат «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне заңнамадағы өзгерістерді халық арасында алдын ала кеңінен түсіндіріп, «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасындағы деректерді түзету және жаңарту жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты.

Депутаттық сауалда екінші мәселе ретінде тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді сату тәртібі көтерілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің №187 бұйрығына сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарыздары берілетін баспананың кемінде 70 пайызы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал қалған 10 пайызы басқа кезекте тұрған азаматтарға сатылуға тиіс.

Алайда депутаттың айтуынша, бұл талап пәтерлердің дер кезінде сатылмауына әкеліп отыр. Мысалы, 2025 жылы Тараз қаласында сатылымға шығарылған 706 пәтердің тек 588-і ғана азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты берілген. Биыл Тараз қаласында 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, сатылымға шығарылмақ. Заңнама талаптарына сәйкес, бұл пәтерлердің 70 пайызы немесе 895 пәтері әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылады. Депутаттың пікірінше, бұл өткен жылғы жағдайдың қайта қайталануына әкелуі мүмкін.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында баспана кезегінде тұрған 57 мыңнан астам азаматтың 31 055-і, яғни 54 пайызы әлеуметтік осал топқа жатады. Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы тұрғын үйлердің уақытында сатылмауына, соның салдарынан жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыздарын өтеуіне кері әсерін тигізіп отыр.

Осыған байланысты Мұқаш Ескендіров салалық министрдің бұйрығына өзгерістер енгізу арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету және немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл мәселенің шешілуі азаматтардың ел ішінде тұрақтап қалуына, ішкі көші-қонды реттеуге және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге тікелей ықпал етеді. Осыған байланысты ол Үкіметтен ұсынылған мәселелерді қарап, оң шешім қабылдауға ықпал етуді сұрады.
 

Тэгтер:

Баспана депутаттық сауал Ипотека