Моноқалаларда мәселе көп – Берік Бейсенғалиев

Бүгін, 11:57 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев моноқалаларды дамыту мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасы үшін маңызды моноқалаларды дамытуға айрықша назар аударып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президент бұл қалаларды әртараптандыру мен тұрақты дамытудың жүйелі шараларын қабылдау қажеттігін бірнеше рет көтерген.

Қазіргі таңда Қазақстанда халқы 1,3 млн адамды құрайтын 20 моноқала бар. Олардың экономикасы негізінен 16 қала құраушы кәсіпорынға тәуелді. Моноқалалардың өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі шамамен 36%-ды құрайды. Алайда депутаттың айтуынша, бұл қалаларда инженерлік желілердің тозуы, көлік қатынасының әлсіздігі, әлеуметтік нысандардың жетіспеуі және инвестиция көлемінің төмендігі сияқты күрделі мәселелер сақталып отыр.

Бейсенғалиев 2023 жылы «AMANAT» партиясы моноқалалардың болашағына қатысты мәселе көтеріп, оларды дамытудың кешенді жоспарларын жедел қабылдауды ұсынғанын еске салды. Сол жылы 10 моноқаланы дамытуға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 2023–2025 жылдарға 343,6 млрд теңгеге 315 іс-шара жоспарланған.

Алайда, депутаттың мәліметінше, жоспарланған қаржының тек жартысы – 170,2 млрд теңге ғана бөлінген. Соның салдарынан 100-ге жуық іс-шара орындалмай қалған. Бұл деректер Балқаш, Степногорск, Лисаковск, Жітіқара, Риддер және Алтай қалаларын ғана қамтиды. Ал Серебрянск, Арқалық, Жаңатас және Қаратау моноқалалар тізімінен шығарылып тасталған. Депутат аталған қалаларды тізімнен шығарудың негізділігіне де күмән келтірді.

Сонымен қатар Үкіметтің биыл моноқалаларды дамытуға арналған кешенді жоспарларды өңірлерді дамыту жоспарларымен біріктіруді көздеп отырғаны да алаңдаушылық тудыратынын айтты. Оның сөзінше, бұл 2023 жылы бекітілген бірқатар іс-шаралардың толық орындалмай қалу қаупін арттырады.

Осыған байланысты Берік Бейсенғалиев Үкіметке бірқатар нақты шараларды қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, моноқалалардағы маңызды инфрақұрылымды, соның ішінде электр желілерін жаңғыртуға орта мерзімді кезеңде қаржы бөлуді, бос тұрған өндіріс орындарына толық аудит жүргізіп, олардың базасында шағын индустриялық аймақтар құру мүмкіндігін қарастыруды қажет деп санайды.

Сондай-ақ депутат тұрғын үй құрылысын дамыту үшін «Бәйтерек» холдингі мен қала құраушы кәсіпорындардың әлеуетін пайдалана отырып, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтуді ұсынды. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын моноқалаларға да енгізіп, техникалық және кәсіптік білім беруді күшейту, жас мамандарды тұрғын үймен және көшу жәрдемақыларымен ынталандыру маңызды екенін айтты.

Депутаттық сауалда Саран қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі арқылы қаржыландыруды қамтамасыз ету қажеттігі де айтылды.
 

Тэгтер:

депутаттық сауал Моноқала