Астанада Instagram желісі арқылы 25 адамды алдаған алаяқ сотталды

Бүгін, 09:54 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астанада 2021-2025 жылдар аралығында Instagram желісі арқылы өзін ипотекалық делдал ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшаларын иемденген 30 жастағы ер адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспана алып беруге көмектесемін және жиһаз жобасына тиімді инвестиция ұсыну сылтауымен азаматтарды алдап, ірі көлемде қаражат аудартқан. Алайда алған міндеттемелерін орындамай, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.

Барлығы 25 адам оның қылмыстық әрекетінен зардап шегіп, келтірілген жалпы залал 95 миллион теңгеден асты.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, кәмелетке толмаған баласының болуын, залалдың бір бөлігін өтегенін және жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Өз жинақтарыңызды сеніп тапсыратын адамдарды, әсіресе интернеттегі ақпаратты мұқият тексеріп, сақ болыңыздар.