Алматыда Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының базасында жаңа туған нәрестелерді жансақтау жағдайында күтіп-баптауға арналған мамандандырылған бөлімше ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылы қыркүйектен бастап мұнда 16 орындық неонатология бөлімшесі жұмыс істеп келеді. Бөлімше құрамына жансақтаудан кейінгі қарқынды терапия палаталары мен ерте оңалту қызметі кіреді. Үш ай ішінде 103 нәресте тиісті ем қабылдады.
Жалпы бір жылда орталықта 235 жаңа туған сәби емделді. Олардың 52-сіне туа біткен даму ақауына байланысты өмірлік көрсеткіштер бойынша шұғыл ота жасалды. Жүгінушілер санының артуы орын қорын ұлғайтуға және медициналық көмек бағыттарын кеңейтуге негіз болды.
Сонымен қатар, 2025 жылы 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға арналған 12 орындық тәулік бойы жұмыс істейтін оториноларингология және жақ-бет хирургиясы бөлімшесі ашылды. Алғашқы айларда мұнда 83 бала ем қабылдады. Өткен жылы орталықта 140,6 мыңнан астам балаға медициналық көмек көрсетіліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.
Орталық аккредитацияның ең жоғары санатын иеленіп, елдегі үздік балалар стационары ретінде танылды.