Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 100 жасқа жеткен соғыс ардагерін құттықтады

Бүгін, 20:01 / Өтей Торғайұлы
дереккөзден

Павлодарда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Матюшинаны туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімі майдангермен әрқашан тығыз байланыс орнатып, кейуана шаңырағына жиі ат басын бұрады.

Шара барысында әскери бөлім оркестрі ардагер ауласында соғыс әндерін шырқады. Әуезді әнге сілтідей ұйыған аула тұрғындары өнерпаз әскерилерге қызығушылық танытып, қошемет танытты. Ұландықтар жүзге жеткен соғыс ардагерін туған күнімен құттықтап, елімізді қорғап, болашағымызды азат еткен өр тұлғалы ерлігі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

"Біздің бүгінгі басты міндетіміз әрі парызымыз - Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына қамқорлық көрсету, олардың ерліктері үшін шексіз алғысымызды білдіру. Әсіресе, кейуанамыз ғасыр жасаған уақытта әскери бөлімнің бұл қуаныштан тысқары қалуы мүмкін емес. Сондықтан әскери оркестрімізді бірге алып, ардагерді туған күнімен құттықтадық. Ардагерден бөлек, аула тұрғындары да әскери қызметшілер  шырқаған әндерге билеп, көңіл көтерді", - деді 5512 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Рүстем Ғабдулин.

Мария Алексеевна 1926 жылы 19 қаңтарда жұмысшы отбасында дүниеге келді. Ал 1942 жылы он алты жасар Мария Новомосковск қаласына тәжірибеге келіп, ата-анасынан жасырын түрде әскери маскировка курстарына ерікті болып жазылады. Жауынгерлік жолында қорғаныс құрылысы басқармасының 225 құрамында, 104 әскери құрылыс жасағының құрамында Беларуське дейін жетеді.

Ардагер жеңісті Финляндия шекарасында қарсы алған. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін отау құрып, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді.  Кейуананың 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар. 

Тэгтер:

Павлодар Ұлттық ұлан әскер