«Тәртіп бұзушылық бар»: Қарағанды облысының әкімі спорт басқармасындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Бүгін, 16:43 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға беріледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Тәртіп бұзушылық бар, және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына қатаң сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі, – деді өңір басшысы аппараттық кеңес барысында.

Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.

– Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет, – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.

Тэгтер:

Ермағанбет Бөлекпаев Спорт басқармасы Серік Сәпиев Қарағанды облысының әкімі