Бүгін таңертең Алматы қаласы Медеу ауданында, теңіз деңгейінен 3630 метр биіктікте орналасқан Мыңжылқы шыңында ТЖМ құтқарушылары зардап шеккен альпинисті эвакуациялады, деп хабарлайды turkystan.kz қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23-ші әмбебап құтқару бөлімшесіне альпинизм нұсқаушысынан 59 жастағы ер адам аяғын жарақаттап алғаны және биік таулы жерлерден өздігінен жүре алмай жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына шұғыл көмек көрсету үшін 23-ші әмбебап бөлімшенің құтқарушылар экипажы, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының реанимобилі дереу жіберілді. Құтқарушылар қысқа мерзім ішінде Мыңжылқы шыңына жетіп, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны эвакуациялады.
"Апаттар медицинасы орталығының реанимобилі тәулік бойы жұмыс істейді және Шымбұлақ тау шаңғысы курортының жанында кезекшілік етеді", - делінген хабарламада.