Орхан Йолчуев: Құрылтайдағы шешімдер Қазақстанда жаңа саяси кезең басталғанын айқындайды

Бүгін, 16:24 / Ербұлан Қайрат
сурет: stem-lab.az

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында қабылданған шешімдер Қазақстандағы саяси реформалардың жаңа кезеңін айқындады. Бұл туралы Әзербайжанның STEM аналитикалық орталығының директоры Орхан Йолчуев мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, Құрылтай аясында жарияланған бастамалар жекелеген реформалар жиынтығы емес, мемлекеттік биліктің логикасы мен басқару архитектурасын түбегейлі жаңартуға бағытталған жүйелі өзгерістерді білдіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында қабылданған шешімдер Қазақстанның саяси даму тарихындағы ерекше кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бұл – жекелеген реформалар жиынтығы емес, мемлекеттік биліктің логикасы мен басқару архитектурасын түбегейлі қайта қарауға бағытталған жүйелі өзгерістер. Бір палаталы Парламентке көшу, Халық кеңесін құру, вице-президенттер институтын енгізу сияқты бастамалар елдің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттік институттардың әлеуетін күшейтеді. Бұл реформалар Қазақстанның субъектілігін арттырып, ішкі тұрақтылық пен басқару тиімділігін нығайтуға бағытталған, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалар «еститін мемлекет» тұжырымдамасының логикалық жалғасы болып табылады. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты әрі тиімді диалогты қамтамасыз ететін жаңа коммуникациялық тетіктер қалыптасып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамалар «еститін мемлекет» тұжырымдамасының логикалық жалғасы болып табылады. Мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты әрі пәрменді диалогты қамтамасыз ететін жаңа коммуникациялық тетіктер қалыптасуда. Реформалардың түпкі мақсаты – шешім қабылдау процесіне азаматтардың нақты қатысуын кеңейту. Бұл өзгерістердің дәл қазір қолға алынуы да заңды. Ел ішінде реформаларға деген қоғамдық сұраныс айқын қалыптасты, қоғамның саяси белсенділігі мен ішкі динамизмі артты. Сонымен қатар, Қазақстан геосаяси тұрғыдан күрделі аймақта орналасқан. Бүгінде Орталық Азия жаһандық бәсекенің маңызды орталығына айналып отыр. Аймақтың энергетикалық әлеуеті мен Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орны жетекші державалардың назарын күшейтті, – дейді Орхан Йолчуев.

Сарапшы реформалардың дәл қазіргі кезеңде қолға алынуын ел ішіндегі және сыртқы факторлармен байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамында саяси өзгерістерге деген сұраныс айқын қалыптасқан, азаматтық белсенділік пен қоғамдық динамизм күшейген. Сонымен қатар, Орталық Азия аймағында геосаяси үдерістер күрделене түсті. Йолчуевтің пікірінше, заң шығару және атқарушы биліктің тиімділігін арттыру, бюрократиялық кедергілерді азайту елдің ішкі басқару сапасына ғана емес, Қазақстанның халықаралық беделіне де оң әсер етеді. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы, экономикалық қатынастардың өзгеруі мемлекеттік стратегияларда ескерілуі қажет.

Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі де айтарлықтай өсіп келеді. Ел өзін орта держава ретінде орнықтырып, өңірлік қана емес, жаһандық процестерге де ықпал ете бастады. Осындай жағдайда ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, билік тармақтары арасындағы үйлесімділікті күшейту және ұлттық субъектілікті нығайту шешуші мәнге ие. Президент елдің жаңа Конституция қабылдау кезеңіне жақындағанын ашық айтты. Бұл процесте шешуші сөз халыққа беріледі. Билік реформалардың заңдылығы мен легитимділігін қамтамасыз ету үшін халықтың ерік-жігеріне сүйенуді таңдады. Мемлекеттік институттардың барлығы бір-бірін толықтырып, нақты функцияларын тиімді атқаруға тиіс. Заң шығару және атқарушы биліктің тиімділігін арттыру, бюрократиялық кедергілерді азайту ішкі басқарумен қатар, Қазақстанның халықаралық беделіне де оң әсер етеді. Бұған қоса, жасанды интеллект, жаңа технологиялар, өндірістік және экономикалық қатынастардың өзгеруі секілді жаһандық үрдістер мемлекеттік жоспарлау мен стратегияларда міндетті түрде ескерілуге тиіс. Қазақстан Президенті энергетика мен логистика салаларындағы түйткілдерге де назар аударды. Географиялық орналасуын ескере отырып, Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа, Еуропа мен Азияны жалғайтын «алтын көпірге», сондай-ақ энергетикалық орталыққа айналуды мақсат етіп отыр. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда ішкі саяси және экономикалық реформалардың рөлі айрықша, – деді сарапшы.

Орхан Йолчуев реформалардың тағы бір маңызды қыры – тарихи сабақтастық екенін айтты. Оның сөзінше, бір палаталы Парламент құру саяси ойдың эволюциясын ғана емес, Қазақстанның басқару дәстүріне қайта бет бұрғанын білдіреді.

Маңызды бір жайт – Қазақстанның өз тарихи тамырына бет бұруы. Ұсынылған реформалар унитарлы мемлекет аясында ұлттық саяси дәстүрлер мен демократиялық стандарттарды үйлестіруге бағытталған. Бір палаталы Парламент құру – саяси ой-сананың эволюциялық дамуы әрі белгілі бір деңгейде тарихи сабақтастықтың көрінісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да Қазақстан Парламенті бір палаталы болғаны белгілі. Бүгінгі өзгерістер билік архитектурасының жаңаруын білдіреді. Халықтың ерік-жігері шешім қабылдауда негізгі факторға айналып отыр. Бұл – тепе-теңдік пен тежемелік жүйесін қалыптастыруға бағытталған қадам. Парламентке «Құрылтай» атауының берілуі де символдық мәнге ие. Құрылтай – тарихи жадымен, халықтың рухымен тығыз байланысты ұғым. Ол формалды билік органы емес, қоғам мен элитаның, билік пен халықтың үнқатысу алаңы. Мұнда келісім, жауапкершілік және қоғамдық пікірдің салмағы айрықша, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әлемдегі өзгерістердің жылдамдығы Қазақстаннан да жедел әрі икемді шешімдерді талап етеді. Бір палаталы модель басқару рәсімдерін жеңілдетіп, ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшының пікірінше, бұл жүйе экономикалық тұрғыдан да тиімді, себебі қайталанатын құрылымдарды қысқартып, мемлекеттік шығындарды азайтады. Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да унитарлы мемлекеттердің тәжірибесі мұндай модельдің басқару тиімділігін арттыра алатынын көрсетеді.

Құрылтай азаматтарды басқару процесіне тартудың тиімді тетігіне айнала алады. Қазақстанның ерекшелігі – қоғам пікірінің мемлекеттік шешімдерге ықпалы әрдайым маңызды рөл атқарып келгенінде. Бүгінгі реформалар – 2019–2021 жылдардағы саяси өзгерістер мен 2022 жылғы конституциялық реформаның заңды жалғасы. Әлем тез өзгеріп жатыр, ал Қазақстан осы өзгерістерге бейімделуге тиіс. Қазіргі бастамалар мемлекет пен қоғамның жаңа кезеңге дайын екенін көрсетеді. Бір палаталы модель шешім қабылдау рәсімдерін жеңілдетіп, ашықтық пен жауапкершілікті арттырады. Аралық буындар азайған сайын, билік институттары арасындағы үйлесім күшейіп, халықпен байланыс тиімді бола түседі. Сонымен қатар, бір палаталы жүйе экономикалық тұрғыдан да ұтымды – ол қайталанатын құрылымдарды қысқартып, мемлекеттік шығындарды азайтады. Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да унитарлы мемлекеттердің тәжірибесі бұл модельдің басқару тиімділігін арттыра алатынын көрсетіп отыр, – деді Орхан Йолчуев.

Тэгтер:

Құрылтай Орхан Йолчуев