Халық Кеңесі халықтың мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган болады – Ержан Жиенбаев

Бүгін, 14:56 / Дана Ізтілеуова

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Біріншіден, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту керек. Сондай-ақ – Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша; – қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға; – мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу қажет. Сонымен қатар Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан Халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды", – дейді Е.Жиенбаев.