"Өз еркімен келген": Марқұм Нұрайдан жауап алған полиция қызметкері мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

23 қаңтар, 2026 / Өтей Торғайұлы
Коллаж: Ertenmedia.kz

Жұмыстан босатылған полиция офицері Әбілғазы Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайға қатысты оқиғаны айтып, дәлелдер ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Нұрайды алып қашқан күні ол Шерханның үйіне түскен шақырту бойынша барған, сол жерге қызды алып келген, әрі оны жігіттің туыстары қарсы алған.

«Мен қызды да, жігітті де Аудандық ішкі істер бөліміне жеткіздім. Сол жерде олардан бірге де, бөлек те жауап алдым. Екеуі де қыздың оның үйіне өз еркімен келгенін растады. Кейін ол мен жазып алған видеода да осыны айтты», – деді полицей.

Видеода Нұрай 2025 жылғы 4 қазанда сағат 21:00-де өзі шамамен үш ай бойы сөйлесіп жүрген жігіті Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтады.

Ал полицей бұл видеоны Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жариялауды ұсынғанын, алайда оның сөзінше, ешқандай түсіндірмесіз бас тартқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ол ішкі істер органдарында тоғыз жыл қызмет еткен, бірақ қоғамда үлкен резонанс болғандықтан өзін және бірнеше басшыны ІІМ бұйрығымен жұмыстан шығарған. 

Айта кетейік, Нұрайды туыстары үйіне қайтарғаннан кейін полицияға арыз түсірілген, бірақ ол қаралмаған. Бұл полицейлерге қатысты салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғауға себеп болған. 

Еске салайық, қайғылы оқиға Шымкенттегі Толеметов көшесінде болған. Үйлердің бірінің ауласынан пышақ жарақаттары бар 21 жастағы қыз табылып, ол оқиға орнында көз жұмған. Іс «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Тэгтер:

Шымкент Нұрай Серікбай