Ақмола облысының прокуратурасы 2024–2025 жылдар аралығында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына тексеріс жүргізді , деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеріс нәтижесінде оларды жұмыспен қамту шараларын іске асыру барысында елеулі заңбұзушылықтар анықталды.
Заңнамаға сәйкес мүгедектігі бар адамдардың еңбекке орналасу құқығы жергілікті атқарушы органдармен еңбек нарығының қажеттіліктері мен еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың санына талдау жасау негізінде белгіленетін жұмыс орындары квотасы шеңберінде қамтамасыз етілуге тиіс.
Сонымен қатар, Ақмола облысы бойынша жалпы алғанда, еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың едәуір санының болуына және кадр тапшылығының сақталуына қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен бұрын бар-жоғы 34 квоталық жұмыс орны ғана көзделгені анықталды.
Бұл заңнама талаптарына және еңбек нарығындағы нақты жағдайға сәйкес келмейді.
Жұмыс орындары квотасын белгілеу және іске асыру бойынша жүйелі әрі негізделген жұмыстың болмауы мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды еңбек нарығына ықпалдастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарына нұқсан келтірді.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға арналған жұмыс орындары квотасы 2026 жылға 117-ге дейін ұлғайтылды.