Елімізде автонесиелеудің қылмыстық схемасы әшкереленді

Бүгін, 15:39 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

19 қаңтар күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан.

Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған.

Қазір осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізілуде, негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.