Алалау алауыздығы немесе эйблизм

Бүгін, 15:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Тарихқа көз жүгіртсек, әйгілі Плутархтың «Ликург өмірі» еңбегінде Спартада жаңа туған нәрестелерді ақсақалдар тексергені, «әлсіз немесе кемістігі бар» балаларды Тайгет тауы маңындағы Апофета деген жерге тастағаны айтылады. Бұл – даулы аңыз. Себебі Плутарх бұл оқиғалардан 600-700 жыл кейін жазған, өзі Спартада өмір сүрмеген, ал Апофетада нәрестелердің жаппай сүйектері табылмаған. Десе де, айбынды Спартаға болашақ жауынгерлер керек болды, қатал іріктеу идеологиясы болған, физикалық күш пен әскери жарамдылық ең жоғарғы құндылық саналған, дейді ғалымдар. Дәл сол секілді Рим империясында құлдар мен гладиаторлар арасында жарақат алғандар «қоғамға жарамсыз» деп есептеліп, жиі шеттетілген. Ал бүгінгі қоғамда мұндай шеттету көрініс таба ма? Бұл сұраққа мамандар «иә» дейді. Спартадағыдай немесе Рим империясындағыдай көрініс таппаса да, адамдар бейсаналы (кейде саналы) түрде қоғамда мүгедектігі бар жандарды, ерекше адамдарды кемсіту, қоғамнан шеттету үрдісі байқалып келеді. Мұны ғылыми тілде – эйблизм дейді. Әңгіме осы туралы болмақ.

Евгениканы «эврика» санаған қоғам

XIX-XX ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та Евгеника қозғалысы жүрді. Евгеника грек­ше eu – «жақсы», genos – «ұрпақ» деген­ді біл­дір­ді. Бұл «адамзатты биологиялық жолмен жақсарту» идеясы еді. Мұндағы негізгі ой – қоғамдағы «жағымсыз қасиеттер», яғни ауру, мүгедектік, кедейлік, «ақыл кемдігі» тұқым қуалайды, сондықтан ондай адам­дардың көбеюіне жол бермеу керек. Бұл топқа ақыл-есі кем деп танылғандар, пси­хи­калық ауруы бар адамдар, талма ауруы барлар, мүгедектігі бар адамдар, кедейлер, кейде этникалық азшылықтар да кірді. АҚШ-тағы евгеника заң деңгейінде 1907 жылы Индиана штатында, яғни мәжбүрлі сте­рилизация туралы алғашқы заң қабыл­данғанда басталды. Кейін мұны 30-дан астам штат іліп әкетті. Заң бойынша ақыл-есі кем деп танылған адамдар еріксіз сте­ри­лизацияланып, некеге тұруына тыйым салынды, интернаттарға жабылды. 1927 жы­лы АҚШ Жоғарғы соты: «Үш ұрпақ ақы­мақ жеткілікті» деп, мәжбүрлі стери­ли­зация­­ны заңды деп таныды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың ба­сында АҚШ-тың бірқатар қалаларында (Чикаго, Сан-Франциско, Нью-Йорк) «Ugly Laws» деп аталатын заңдар болған. Бұл заң­дарға сәйкес сырт келбеті «қоғамдық мо­раль­ға сай емес», физикалық ерекшелігі бар адамдардың қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынған. Мүгедектігі бар адам­дар­ды көшеде көрінбеуі тиіс «ұят», «қорқы­ныш­ты» құбылыс ретінде қарастырды. Бұл заң­дар ХХ ғасырдың ортасына дейін жойыл­маған.
Соғыстан кейінгі КСРО-да мүгедектігі бар адамдарды жаппай сегрегация­лау жағдайлары белгілі. Мысалы, Мәскеу облысындағы Русиново сияқты тұтас елді мекендер жұмыс істеу және өмір сүру үшін соқыр және көру қабілеті төмен адамдарды жинау мақсатында құрылған. 
Еуропадағы евгеникаға келсек, дерек көздерінше Швецияда 1935-1975 жылдар аралығында 63 000 адам стерилизациялан­ған деседі. Ұлыбританияда бұл  толық заң­дастырылмаса да, идея кең тараған. Ал Гер­манияда нацистерге дейін евгеника тек академиялық деңгейде дамыды. Демек, нацистік Германия евгениканы ойлап тапқан жоқ, ол бар идеяны шектен тыс ра­дикализациялады.

Нацистік Германия және T4 бағдарламасы

Жуырда режиссер Флориан Хенкель фон Доннерсмарктің «Работа без авторство» деген фильмін көру сәті бұйырды. Фильм Курт Барнерт деген жас суретішінің шы­ғармашылығы мен өміріне негізделген. Оқиға уақыты нацистік Германияның дәуірлеп тұрған шағы. Идеологиясы екі иіні­мен демалып тұрған бұл кезеңде T4 бағ­дарламасы қабылданған еді. Нацистік идеологияда «арий нәсілі» – үстем, «өмірге лайық­сыз өмір» (Lebensunwertes Leben) де­ген ұғым болды. Бұл санатқа мүгедектігі бар адамдар, психиатриялық пациенттер, туа біткен аурулары бар балалар кірді. Мүгедектік қоғамға зиян, адам – экономи­калық жүк деп қаралды. Міне, осы идеоло­гия фильмде анық көрініс табады. Туындыда Курттың әпкесі Элизабет атты трагедиялық кейіпкер бар. Ол өнерге ерекше сезімтал, ойын ашық айтатын хас сұлудың өзі бола­тын. Оған шизофрения деген диагноз қойы­лады. Ақырында, дәрігер Зеванд оның ауруы тұқым қуаламау үшін оны бала туу мүм­кіндігінен айырмақ болады. Сондағы Эли­забеттің «менің бала туғым келеді, ана бол­ғым келеді» деген жан шыңғырысы кө­рер­менді бейжай қалдырмайды. Осылайша, оны газ камерасына жіберіп, өмірін үзеді. Ал Курт кейін өскен соң әпкесі баулыған өне­рін шыңдап, суретшілік мамандықты таң­дайды. Кейіннен жар тауып, үйленеді. Оның шығармашылығы фотореалистік туындылар болды. Ол өзінің қайынатасы мен өзінің бала кездегі әпкесі Элизабет Мэйдің суретін салады. Қайынатасы бұл суретті оқыс көріп, өз көзіне сенбейді. Су­рет­те өзі «өлтірген» кезіндегі хас сұлу Эли­за­бет тұрды. Ал өзі кезіндегі дәрігер Зеванд бо­латын. Иә, осындай қоғамды көз ал­дыңыз­ға әкелген фильм сол кездегі идео­ло­гияның қаншалықты қатыгез екенін баян­дайды. 
T4 бағдарламасы 1933 жылы «Тұқым қуа­лайтын аурулардың алдын алу туралы заң» қабылданғанда басталған-тын. Заң ая­сында жүздеген мың адам еріксіз сте­ри­лизацияланып, шешімдерді дәрігерлер мен комиссиялар қабылдады. Медицина жаза­лаушы құралға айналды. Құрбандар саны ресми 70 000-нан асты, жалпы соғыс соңы­на дейін 200-300 мың адам құрбан болды де­лінеді. 1941 жылы ресми түрде тоқтатыл­ғаны­мен, бірақ жасырын түрде 1945 жылға дейін жалғасты.

«Абайлап сөйле ауызыңа, Дұшпанның бірі – тіл деген»

Жоғарыдағы адамзат кешкен қа­сірет­ті тарихты бекерге қозғама­дық. Себебі тарих адам баласына өткеннен сабақ алу үшін қажет. Біз өзара сөйлескенде «Қарасаңшы, көзің соқыр ма?», «Саңыраусың ба, меңірейіп неғып тұрсың?»,  «Ақылыңнан ал­жастың ба?», «Денің сау ма?», «Жындысың ба?» секілді тізе берсек осындай дене яки ақыл кемістігіне қатысты сөздерді жиі айта­мыз. Яки болмаса «соқыр қоғам», «жын­ды жастар». Бұл кейбіріміздің күнделікті болмаса да арагідік сөз қолданысымыздағы айтылатын сөздер. Көп жағдайда мұндай сөздерді айтқан адамдар біреуді ренжітуді мақсат етпейді – көбіне олар өз сөздерінің зиян екенін мүлде аңғармайды. Мұның несі дұрыс емес дерсіз. Біз осы сөздеріміз арқы­лы деннің саулығы мен саулықсыздың ара­жігін ашып, қоғамды бөлектегендей бола­ды екенбіз. Осылайша, мүгедектігі бар адам­дар қоғамда дискриминация көріп жата­ды. Иә, аңдамай айтылған сөз қоғамда алалауды қалай өршітетінін бағамдай бер­мейміз. Қоғам үшін кейбір сөз бен сленг үйрен­шікті болып кеткені сонша, кейде оның белгілі бір топқа кері әсер ететінін түсін­бейді. 
Көбіне психофобиялық лексика пси­хиатрия саласындағы нақты терминдер мен диагноздардың негізінде қалыптасады. «Даун», «аутист», «шизофреник» сияқты сөздер – соның айқын мысалы. Бұл сөздер контекстен тыс қолданылғанда, тек термин бо­лып қала береді. Ал оларды психофо­бия­лық лексикаға айналдыратын – дәл сол қолданылу контексті. Көбіне бұл сөздер қарсы тараптың әрекетін айыптау, біреудің іс-әрекетімен немесе пікірмен келіспеуді білдіру немесе «маңызды айырмашылықты» көрсету үшін пайдаланылады. 
Психофобиялық лексика әр қолда­ныл­ған сайын, ол қоғамдық санада қауіпті сте­реотипті бекітеді: агрессия, ойланбай қабылданған шешімдер, орынсыз әрекеттер мен қисынсыз тұжырымдар психикалық ерек­шеліктермен байланысты деген түсінік қалыптасады. Нәтижесінде, психиатриялық тәжірибесі бар немесе интеллектуалдық мүгедектігі бар адамдар агрессивті, ақылсыз, тиімді қарым-қатынасқа және өз әрекетін талдауға қабілетсіз деген жалған түсінік пайда болады. Бұл – түбегейлі қате. Мысалы, «саңыраудың құлағына айтқандай» деген тіркес көпшілік санасында саңыраулықты қасақана елемеумен байланыстыратынын көрсетеді. Эйблистік тілден бас тартудың ең тиімді жолдарының бірі – мүгедектігі бар қауымдастықты түсіну, олармен әң­гі­мелесу және олардың алаңдау­шы­лық­тарын тыңдау.
Мәселен, аяқ-қолы істен шыққан адам­дарға қатысты «арбаға отырыңыз» деген сөз­дер айтылып қалып жатады. Ал арба – әуел­ден-ақ жүк тасу құралы. «Осы сәтте де мүгедектігі бар адам өзін адамдар үшін жүк, ауырт­палық деп біледі», – дейді мамандар. Ол сөздің орнына «Сізге қалай көмек­те­сейін?» деген сынды көңілге тимес сөз­дер­мен ауыстырған абзал екен. Мамандар «ар­баға таңылғандар», «арбадағылар» деген сөз­ден де аулақ болуға шақырады. Орын­дық­та отырғандарды «орындыққа таңыл­ғандар», «орындықтағылар» деп жалпылай атамайтыны секілді оның орнына басқа сөз алмастыру керек екенін айтады. Жұрт әуелі адам­ның арбасын, құлақ аппаратын, бал­да­ғын, протезін көрмей, яки затты емес, оны қолданатын адамды көре білуді алға тар­тады. 
Инклюзивті тілдің негізгі қағидасы – алдымен – адам, содан кейін – ерекшелік. «Мүгедек» емес – мүгедектігі бар адам, «Аутист» емес – аутизмі бар адам, «Псих» емес – психиатриялық науқасы бар адам. Сондай-ақ «қалыпты», «толыққанды», «кем­тар», «ақаулы» сияқты сөздерден аулақ болу қажет. Экспрессия үшін «жынды» немесе «псих» орнына қызықты, таңғаларлық, ерек­ше, түсініксіз, батыл, интригалық сияқ­ты бейтарап сөздерді қолдануға болады.
Эйблизмді болдырмас үшін әр адам сөздік қорды бір талдап шығып, біреу­ді кемсітуші сөздер болса, оны алмас­тыру­ға әрекет ету керек. «Бұл – қоғам өмі­рін жақсартуға жасалған амал», – дейді ма­ман­дар. Бірдеңе демес бұрын нені меңзеп тұр­ғаныңды ойлану, тіркес мәніне үңілу ке­рек.

Сонымен эйблизм дегеніміз не?

Алдымен соны нақтылап алайық. Ол – мүгедектігі бар немесе дамуында ерек­ше­лік­тері бар адамдарды алалау. Термин ағыл­шын тіліндегі able немесе able-bodied – «әрекетке қабілетті» сөзінен шыққан. Эйблизм – бұл әртүрлі аурулары, мүгедектігі және мүм­кін­діктері шектеулі адамдарға қатысты кем­сітушілік. Мұндай көзқарас стереотиптер мен әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Ол «дені сау нормаға» сай келмейтін адам кез келген басқа адамға қарағанда құндылығы төмен деген пікірге негізделген. Эйблизм ең­бекке орналастыруда, білім беруде, қарым-қатынаста және күнделікті өмірде кеңі­нен кездеседі.
«Британника» энциклопедиясының жа­зуынша, «эйблизм» ұғымы өткен ғасыр­дың 60-70-жылдары белсенділердің оны саяси контекстке енгізуінің нәтижесінде пайда болған. Алайда шын мәнінде мұндай кемсітушілік әрдайым болған. Мысалын жоғарыда келтірдік. Ал бүгінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы орта бар ма? Олар кемсітуден бөлек, қоғамда өздерін қо­раш сезінбей ме? Мәселен, YouTube-та «қол­жетімді» деп саналатын ортаның шын мә­нінде қозғалу мүмкіндігі шектеулі адам­дар үшін қаншалықты қолжетімсіз екенін көрсететін көптеген тәжірибе бар. Тіпті, ірі қалалардың өзінде мүгедектер арбасымен не­месе таяқпен жүру өте қиын. Пандустар көп жерде кездеспейді, бар болса да, қауіп­сіз емес. Көтергіш құрылғылар не мүлде жоқ, не істемейді. Барлық жерде баспалдақ­тар, табалдырықтар, бордюрлер мен ойыл­ған, бұзылған асфальт кездеседі. Көзі нашар кө­ретін адамдар үшін тактильді плиткалар мен Брайль қарпімен жасалған жазулар жоқ. Қоғамдық орындардағы дыбыстық ха­­­барландырулар жүгіртпе жолмен қай­та­ланбайды. Бұл есту қабілеті төмен адам­дар­дың өмірін әлдеқайда жеңілдетер еді.
Иә, мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік-эко­номикалық тұрғыдан қолайсыз жағ­дай­ларға жиі ұшырайды. Олардың білім алу дең­гейі төмен, денсаулық көрсеткіштері на­шар, жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз, ал ке­дейлік деңгейі жоғары болады. Кедейлік те өз кезегінде мүгедектік қаупін арттыруы мүм­кін: дұрыс тамақтанбау, білім мен ме­дициналық қызметтерге жеткіліксіз қол­же­тімділік, қауіпті еңбек жағдайлары, лас­­­тан­ған қоршаған орта, таза ауыз су мен са­нитарияның жетіспеуі осыған себеп бо­лады. Сонымен қатар мүгедектік кедейлік қау­пін одан әрі күшейтеді – білімнің жетіс­пеуі, соның салдарынан шектеулі жұмыс мүм­кіндіктері, төмен жалақы және мүге­дек­тікке байланысты қосымша шығындар ар­қылы.
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамға то­лық әлеуметтік және экономикалық тұр­ғыда кірігуіне кедергі келтіретін фак­тор­лар­ға қолжетімсіз физикалық орта мен кө­лік, көмекші құрылғылар мен техноло­гия­лардың болмауы, бейімделмеген комму­ни­кация құралдары, қызмет көрсету жүйе­сіндегі олқылықтар, сондай-ақ қоғамдағы кем­сітушілік, теріс көзқарас пен стигма жа­тады.
Мүгедектігі бар адамдар тұратын отба­сылар азық-түлік қауіпсіздігі жа­ғынан анағұрлым осал болып келеді, се­­­бебі оларда экономикалық ресурстар шектеулі, кедейлік деңгейі жоғары, ал жұ­мысқа орналасу мүмкіндігі мүгедектігі жоқ адамдарға қарағанда төмен. Гуманитарлық дағдарыстар мен қақтығыстар жағдайында мүгедектігі бар адамдар зорлық-зомбылық­қа, қанауға немесе жәбірлеуге жиі ұшырай­ды, сондай-ақ олардың өлім-жітім көрсет­кіші екі-төрт есе жоғары.
Демек, эйблизм тек тіл арқылы ғана кө­рінбейді. Оның өзге де формалары бар. Мә­селен, мүгедектердің құқықтары туралы заң­дардың сақталмауы, мүгедектігі бар оқу­шыларды оқшаулау, қоғамдық ғимарат­тарды жобалауда қолжетімділіктің ескеріл­меуі, қолжетімсіз сайттар, Брайль қарпінсіз қоғамдық мекемелер, мүгедектігі бар адам­дарды «міндетті түрде түзету керек» деген идея, мазақ ету немесе мүгедектікті «ерек­ше­лік» ретінде пайдалану.
Күнделікті эйблизмнің мысалдары: мүгедектікті БАҚ-та «рух беретін образ» ре­тінде көрсету, менталдық ерекшелігі бар адам­мен бала сияқты сөйлесу, мүгедектігі бар кейіпкерді мүгедектігі жоқ актерге ой­нату, жеке диагнозы туралы орынсыз сұрақ­тар, «нағыз» және «нағыз емес» мүгедектік туралы даулар, рұқсатсыз көмек көрсету.
Қазақ қоғамындағы эйблистік оқиғалар

Эйблизмнің бірі – паралимпиадаға деген көзқарас. Паралимпиада – мүм­кіндігі шектеулі спортшылардың ең жо­­ғары деңгейдегі жарысы. Соған қара­мас­тан медиа назар Олимпиадамен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда төмен, кейбір елдерде парас­портшыларға қаржыландыру аз, спорт­шылар «батыр», «ерекше рух иесі» ре­тін­де ғана сипатталады. Бұл да эйблизм­нің жұмсақ формасы – мүгедектігі бар адам­дарды толыққанды кәсіби спортшы емес, тек «рух беруші символ» ретінде көру. Мәселен, Оңтүстікафрикалық жеңіл атлет Ос­кар Писториус екі аяғынан айырылған, бірақ Олимпиада мен Паралимпиадаға қа­тар қатысқан алғашқы спортшылардың бірі. Ол туралы медиада: «жартылай адам», «та­биғат заңына қарсы» деген сөздер қол­да­нылды. Бұл терминдер оның спорт­тық же­тістігін емес, дене ерекшелігін басты ны­­санаға айналдырды. Бұл – тілдік және ме­диа эйблизмнің айқын мысалы.
Мұндай мысал біздің қазақ медиасында кез­десіп қалып жатады. Мәселен, танымал тележүргізуші Динара Сәтжан өзінің ав­торлық бағдарламасына  Парижде өткен Па­ралимпиада чемпионы Ақмарал Науат­бекті қонаққа шақырады. Көзі нашарлауына байланысты параспортқа ауысқан Ақмарал Науатбекке Динара Сәтжан: «Ақмарал, Олим­пиада әлде Паралимпиада чемпионы болуды армандадың ба?», – дейді. Спортшы әлбетте Олимпиада чемпионы болуды қалағанын айтты. Бірақ көзі нашар көруіне байланысты параспортқа ауысқанын жет­кізді. Динара Сәтжан мұнымен де тоқтамай, көзі қанша пайызға көрмейтінін сұрады. Бұған әлеуметтік желіде көптеген оқырман нара­зылықтарын жеткізді. «Сау адам болса Паралимпиада чемпионы болуды қалайды деп ойлайсыз ба?» деген сауалдар қою арқы­лы тележурналистің кәсібилігіне сын айт­ты. 
Әлеуметтік желіде Гүлнәр Оразалина ат­ты блогердің мәлімдемесі ерекше баласы бар аналардың шамына тиіп, олар ұжым­дық арыз беруге дейін барады. Ол ерекше ба­лалардың өмірге келу себебі аналары жүр­гіш болғандықтан екенін айтқан. «Жүр­гіштердің жазасын алатын кезі келді. Осы­ған дейін де олар жайлы деректерді естіген едім. Қазір ерекше балалар мен аутизм кө­бейіп кетті. Әлемде екінші бала ауру болып туа­ды. Оның барлығы сол «жүргіштіктің» кесірінен», – дейді блогер. Бұл мәлімдемеден кейін ерекше балалардың аналары өре түрегелді. Бұл мәселенің ушыққаны сонша Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зә­киева да іске араласты. «Маған ерекше қа­жетіліктері бар балаларға блогер тара­пы­нан әлеуметтік желілерде айтылған қорлау фактісіне байланысты өтініштер түсіп жа­тыр. Дискриминацияға жол берілмейді. Қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл мәселеге құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қа­был­дау үшін ІІМ-ге жүгіндім», деп жазды ол. Ақырында, блогер әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылып, 20 АЕК (78 640 теңге) айып­пұл салынды. 
Тағы бір мысал. Жуырда ғана Алматы облысы әкімінің орынбасары болып та­ғайындалған Қанат Есболатовтың мүге­дек­тігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі желі жұртының ашуын туғызды. Бұл оқиға Та­лғар ауданында денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназаровамен кездесу ке­зінде болған. Кездесу соңында министр­дің жеке қабылдауына жазылушылар көп бол­ғандықтан, Есболатов тұрғындарды са­быр­ға шақырып, «алдымен мүгедектерді қабылдауға жазайық, оларды онсыз да Құ­дай жазалаған...» деген сөз айтты. Ше­неу­нік­тің бұл айтқаны әлеуметтік желіде әбден сынға ұшырап, халық тарапынан қатты тал­қыланды. Пікірлерде Есболатов мүге­дек­тігі бар жандарға қатысты терминологияны дұрыс қолданбағаны, сондай-ақ мемлекеттік қызметші ретінде әдептілік талаптарын сақтамағаны айтылды. Ақыры, облыс әкімінің бірінші орынбасары желіде ке­шірім сұрап, жазба жүктеген. «Орыс тілін­де айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұ­рыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ бер­ген» деп айтпақ болғанмын. Айтқан сө­зім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына ти­генін де түсіндім. Осы үшін шын ниетім­мен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Жуырда ғана әлеуметтік желі бетін шу­лат­қан тағы бір эйблистік оқиға болды. Өзін коуч санайтын Бақытбай Сабырбек әлеу­меттік желідегі парақшасында семи­нар­ларының бірінде ерекше баланың ана­сымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтқан. Коуч әңгімені әйел­дің жасын сұраудан бастайды. Әйел өзі­нің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбек: «Мама! Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жас­та болса да менімен шамалас көрінетін әйел­дер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңіз­ге қарамайсыз?», – дейді ол. Әйел ерек­ше баланы тәрбиелеп отырғанын айт­қан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды: «Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?». Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, ба­ла­сымен жылдар бойы ауруханада болға­нын, барлық уақытын соған арнағанын айтты. Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйрен­бегенін жеткізді. Бұдан кейін Бақыт­бай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қанша­лық­ты «мойындамағанын» сұрайды. Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзім­шіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты. «Сіздің санаңызда барлық ер адам әлсіз, әкеңіз әлсіз, күйеуіңіз әлсіз, соның сал­дарынан бала да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сон­дық­тан ол ауырады, алға жылжымайды», – де­ді Бақытбай Сабырбек. Ақырында, ол ерекше баланың анасынан кешірім сұрап, сый­лық ретінде қажылыққа жолдама бере­ді. 
Мұндай оқиғалар қоғамда жиі кезде­седі. Алмақтың салмағы барын ұмытпаған абзал.

Түйін: 

Әлем халқының бір миллиардтан ас­тамы, яғни шамамен 16%-ы мүгедек, ал мү­гедектіктің таралу деңгейі дамушы ел­дер­де жоғарырақ.
Қазақстан жағдайында да мүгедектігі бар адамдар саны өсу динамикасын көр­сетуде. 2024 жылғы дерек бойынша елде 724,9 мың адам немесе халықтың 3,6%-ы мү­гедек ретінде тіркелген. Елімізде қазір мү­гедектігі бар балалар саны 117 мыңға жет­ті. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш те, ерек­ше баласы бар жандардың мәселесі де ұлғайып барады. Демек, осыншама көп­шілік алдында аңдамай айтылған әр сөз мүге­дектігі бар адамдарды қоғамнан күн сайын алыстатынын ұмытпаған жөн. Абза­лы, неғұрлым қарапайым әрі тура тіл таң­дау. Мысалы, «саңыраудың құлағына айт­қандай» деудің орнына «елемеу» немесе «ара­ласудан әдейі бас тарту» деуге болады. 
«Абайлап сөйле аузыңа,
Дұшпанның бірі тіл деген.
Өзіңе жеңіл болғанмен,
Өзгеге ауыр зіл деген», – деп терме жолында айтылатындай өзгеге ауыр зіл болатын дүниеден қашық болайық.

Наурызбек САРША

Тэгтер:

эйблизм алалау