Құштарлық
Әңгіменің әлқиссасы – гауптвахта...
Университетте студенттерге «Мақала оқыс басталса, оқырманын бірден тартып ала жөнеледі» дейтініміз бар еді. Көрейік. Сонымен, «гауптвахта». Әскери термин. Неміс сөзі. Тәртіп бұзған жауынгерлерді, офицерлерді уақытша қамап ұстайтын жер. Ал мұның мына мерейтойлық мақалаға қандай қатысы болуы мүмкін?.. Қатысы бар. Және тікелей.
Замана құбыла береді ғой. Қазіргі жастар бүгінде визасыз барып-келіп жататын құдайы көршімізбен бір кезде құрамында біз болған ел алауыз тұрған дегенге сене де қоймайтын шығар. Бірақ шындық солай. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кеңес-қытай қарым-қатынастары әбден шиеленісіп, текетірестің аяғы қарулы қақтығысқа дейін жеткен. Сол тұста қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты штабы Ташкентте орналасқан Түркістан әскери округі екіге бөлініп, Қытай шекарасына жақындау жерде – Алматыда Орта Азия әскери округі (САВО) құрылған.
Кешегі кеңестік кезде әскерде тәртіп қатаң болатын. Жауынгерлер де жауапкершілікті жақсы түсінетін. Қайтерсің, сондай күндерде Қызыл армияның қатарында халықаралық жағдайдың қаншалықты ұшынып тұрғанын сергек сезіне бермейтін солдаттар да табылған. Олардың бірі командирінің иі жұмсақтығын пайдаланып, ауық-ауық қалаға «самоволкаға» шығып кететін. Түн қараңғысын жамылып, САВО штабының дәл іргесіндегі КазГУ жатақханасында тұратын кластас досына келетін. Студенттердің сүтсіз шайын ішіп, қара нанын жеп, түн бойы болашақ журналистермен сыр шертісетін, әдебиеттің жай-жапсарын әңгіме ететін, өзі де көрген-білгенін аямай ақтаратын. Күн көкжиектен қылаң бермей жатып, көзі қызарған күйі казармаға мысықтабандап енетін де, ештеңе болмағандай төсегіне барып жата қалатын. Араға уақыт салып, сонысын тағы қайталайтын. Бірақ әшкере болмайтын әрекет бар ма?.. Күндердің бір күнінде, дұрысырағы – түндердің бір түнінде әлгі солдат таңға таман ұрлана басып, казармасына кіріп келсе... жалғыз ғана кезекші солдат – дневальный тұр... Казармада жан баласы жоқ! «Ау, жұрт қайда?». «Учениеге кетті»... «Қайдағы учение?..». «Түнде аяқ астынан дабыл қағылды да, бүкіл батальон шұғыл жиналып, аттанып кетті...».
Арғы жағы айтпаса да түсінікті. Гауптвахта.
Сол солдатқа казарманы тастатып, оны түн ішінде тәуекелге бастыртып, кластасының жатақханасына жетелеп жүрген күш жай жастықтың желігі еместігін, мұның басты себебі жігіттің бойындағы білмекке құштарлық, сырлы сөзге құштарлық, сұлулыққа құштарлық екенін уақыт көп өтпей-ақ дәлелдеп берді. Өйткені... Сол солдат – қазіргі қабырғалы қазақ қаламгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екінші дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Әлібек Асқаров еді... Сол солдаттың түн жамылып жатақханаға іздеп келетін кластасы – кейіннен көрнекті жазушы болған қайран азамат Дидахмет Әшімханов еді... Сол солдатқа жатақханада білген әңгімесін айтып, оның өзінің неше түрлі ауыл хикаяларын тыңдап, өмірден көрген-түйгенін әсерлі жеткізетін құнарлы тіліне, қай құбылысты да жіті байқағыштығына сүйсіне қарап отыратын адам дәл қазір осы мақалаға кірісіп жатыр...
Одан бергі жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде Әлібек өмірдің талай бел-белесінен өтті. Әскерден кейін әуелде өзі әуезе етіп жүргендей көрінетін журфакты төңіректемей, бала күнінен армандаған суретшілік жолға түсті. Қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, біраз жыл график-суретші ретінде танылды. «Лениншіл жастың», «Білім және еңбектің» сол жылдардағы тігінділерін ақтарғандар Әлібек салған графикалық туындылар талай шығарманың ажарын ашып, көркін кіргізгенін көре алады. Әйтсе де, оның әдебиетке деген арман-аңсары бірте-бірте суретшілігін жеңбей қоймады... Сөз дертімен ол да ауырды ақыры. Журналистика факультетіне оқуға да түсті. «Білім және еңбек» журналында жұмыс істеді.
Әлібектің сөз дертімен ауырмауы да қиын еді. Ғафу ақын «Ардағым Алтай, даламның асқан төрі екен, Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен. Тау емес, мынау – кілең бір алтын баспалдақ, Алланың өзі аспаннан түсер жері екен» деп төгілткен ару Алтайдың төрінде, көркі ауыз ашқызып, көз жұмғызатын Қатонқарағайда туса, өзі бір кезде Сұлтанмахмұт сабақ берген, Баламер Сахариев пен Оралхан Бөкеев оқыған мектепте оқыса, арқалы ақын Ақтан Нұрбаев пен тарлан тілтанушы Сәрсен Аманжолов сол мектепті бітірсе, көрші ауылда ағайындас ағасы, классик жазушы Қалихан Ысқақов туса, кластасы қазақ көркем сөзінің бір биігі Дидахмет Әшімханов болса – әдебиетпен ол ауырмағанда кім ауыратын еді?
Қаламгер
Алғашқы қадамын газет мақалаларынан, очерктерден бастады. Оралхан Бөкеевпен бірігіп жазған «Маралдар маңып барады» деген проблемалы очеркі елдің есінде қалды. Журналистік жарияланымдарынан құралған «Құт мекен», «Жасыл әлемге саяхат» деген кітаптары да бар. Бара-бара прозаға құлаш ұрды. Бірнеше кітап та шығарды. Оларға баспасөз бетінде жылы пікір де айтылып жатты. Әйтсе де, Әлібектің жазушы ретінде шындап мойындалуы 1989 жылы жарық көрген «Ерте түскен бозқырау» атты повестер мен әңгімелер жинағынан басталды десек, ақиқаттан алшақ кетпеспіз. «Жазатыр оқиғасы» повесінің бас кейіпкері Қараман аңшының баласының өлімі үшін кек жолына түскендегі тастүйін тұрқы әлі күнге көз алдымызға келетіндей кейде.
Бүгінде біздің кітап сөремізде досымыздың алты томдық шығармалары тіресіп тұр. «Раритет» баспасынан бөлек сапамен, көркем күйде жарық көрген ол туындылар Әлібек Асқаровты қазақ әдебиетінің қазынасына олжа салған саңлақ суреткерлер қатарына қосатыны күмәнсіз. Оның кітаптарының ішінде өзімнің қолға жиі алатыным – 2018 жылы басылған «Қиғаш хикаясы». Сондағы «Әйел парасаты», «Социализм әңгімесі», «Аңшы хикаясы», «Сафари жазбалары» циклдарына енген дүниелердің қай-қайсысы да шын шебердің қолынан шыққан. «Әйел парасатындағы» әр әңгіменің өмірден алынғанын, нақты адамдар тағдырынан түзілгенін, есімдері ғана сәл өзгертілгенін ескертсек, Әлібектің жұрттың ауызша әңгімесінің өзін зердеге түйіп, көркемдік кілтін таба қоятын қабілетіне қайран қаларыңыз анық. Ақселеу Сейдімбек туралы естелік мақаламда: «Көңілінің құсы түскенде әңгімені таңды таңға ұрып айтуға бар еді. 2004 жылы Қойшығара ағам екеуі үйде қонақта болғанда түнгі төртке дейін бір хикаядан кейін бір хикая ағытқан-ды. Ақаңның сол түндегі айтқандарынан бізбен бірге болған қаламгер досым кейін төрт әңгіме жазып шықты», дегенім бар. Сол қаламгер досым Әлібек еді.
Газет мақаласының мүмкіндігін ескере отырып, жазушының бір шығармасын бөле сөз етумен шектеле тұрайық.
«Бұл кітап – бір ғажайып лирикалық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйылып тұрған сыр. Автор кәдімгі Бейімбетше жазады. Сол бір ұлы жазушының дәстүрін жалғастырады», – дейді академик Серік Қирабаев Әлібектің «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты романы туралы мақаласында. Шерхан Мұртаза: «Алтайдың ірі ақыны, толағай суреткері Оралхан Бөкей де өтіп кетті дүниеден. Бірақ жалғассыз емес екен. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты повестің соңғы парағын жауып отырып, Оралхан өлмеген екен, Алтай жыры үзілмеген екен деп ойладым. Шынымды айтсам, мен Әлібек Асқаровты осыншама күшті талант деп ойламап едім» деп жазғанда да осы романды айтқан болатын.
Отыз жылдың ішінде он рет қайтадан басылған, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған, өткен жылы ғана арғы-бергідегі асыл туындыларымызды халықтың өзі іріктеген «Жүз кітап» тізіміне кірген осы романның алғашқы нұсқасы 1989 жылы жаңа біз атаған жинақта басылған «Жұртта қалған жеті үй» повесі екенін басқалар тұрмақ, әдеби ортаның өзі ұмытуға айналған сыңайлы. Біз осы мақаланы жазып жатқанда, яғни 17 қаңтар күні жарияланған сұхбатында ( «Әдебиетке адалдық – ғұмырлық ұстаным», «Айқын») Әлібек Абайдың 150 жылдығына дайындық барысында ортаға тасталған бір тұжырымнан ойға қалғанын айтып, «Болмасаң да ұқсап бақ деген ғой, ендеше «бір кездегі аңқылдаған ауылдастарымның жаймашуақ тірлігін мен неге жазбасқа» деген ой келген. Роман идеясы солай туды», – дейді. Ал дұрысында «Баяғыда осы ауылдың қыңыр-қисық үш көшесі бар еді» деп басталатын, «Жер тарылып, жұмыс азайған соң, мұндағы жұрт та жарылып көше бастады. Бригада жабылды, оның кеңсесі қағаз-мүлкімен қоса Шұбарағашқа ауысты», «Кеңседен кейін ауылдың мектебі жабылды», «Мектептен соң дүкен жабылды», «Дүкеннен соң, арада бір ай өтпей жатып, дәрігерлік пункт жабылды» деп жалғаса беретін, осының бәрі «Төртінші бригадада» қалып қойған жеті үй тұрғындарының басынан өткен кейбірі қуантатын, кейбірі қуартатын, кейбірі күлкілі, кейбірі түрпілі не қилы оқиғамен көмкеріліп жататын, олары бір-бірімен қиюласа да бермейтін, сюжеті өрбіп жарытпайтын сол повесть кейіннен тың тараулармен толықты да, қазақ әдебиеті үшін тосын бір үлгіге – новеллалардан құралған романға ұласты. Әдебиеттанушылар «новеллалы роман» («роман в новеллах») деп айдар тағып үлгерген бұл жанрда өзіміздің тіліміз жететін жерде Владимир Сорокиннің «Теллурия», Арсений Гончуковтың «Доказательство человека» романдарын атай аламыз. Батыс постмодернизмінде көптігі күмәнсіз.
Ең ерекшелеп айтатын нәрсе – Әлібек Асқаров ол шығармасында болған жайларды емес, болатын жайларды суреттеген... Кітаптың 1989 жылы шыққанын еске салайық. Ол кезде дайын қолжазбаның баспа жоспарына еніп, кітап болып шыққанының арасында кем қойғанда екі жыл өтетінін ойласаңыз, повесть бері дегенде 1987 жылы жазылған болып шығады. «Осы роман жазылған кезде жарықтық Алтай бүтін еді. Кеңшар тарамаған, аудандар мен облыстар қосылмаған уақ...», деп бір сұхбатында мұны жазушының өзі де айтады. Повесть былай аяқталады:
«Бір өңкең жылбыраған, сүреңсіз жаңбырлы күндер басталып кетті. Еңсені езген қорғасын тұман, миы шағылып езілген жер, тұнжыраған боз аспан... Ызғары сүйектен өтер суық күндердің соңы күзге ұласты. Каникулға жиналған бала-шағаның да құмары қанбай, күз түсе жыл құсындай жан-жаққа тарап кетісті.
Жеті үй тағы да жетімсіреп тау арасында қала берді.
Қайран жұрт, қашанға дейін шыдар екенсің?!».
Шығарманың романға айналдырылған 1994 жылғы нұсқасы мұқырлықтардың аудан ауданға, облыс облысқа қосылады екен деген сыбыстың анық-қанығына жету үшін жиналыста бас қосқан жерімен аяқталады:
«Қалай болғанда да, қоғамдасқан тірліктері тұйыққа тіреліп, кезеңді бір белеске жеткенін бәрі де мойындап бара жатты.
Туған ауылдарын алдағы уақытта орасан өзгерістер күтіп тұрғанын жүректері сезіп бара жатты».
Назар аударыңыз: 1994 жыл. Алтай жерінде аудан ауданға, облыс облысқа қосыла қоймаған кез әлі.
Бұған не айтарсыз? Суреткерлік сезгірлік, көркемдік қиял қуаты, замана ағымын алғырлықпен аңдау осындай-ақ болар дейсіз де қоясыз.
Ізашар
Ендігі айтпағымыз – Әлібек Асқаровтың деректі прозасы.
Әдебиетте не көп, қиындық көп. Оған келу қиын, орнығып қалу одан қиын, ойып тұрып орын алу одан да қиын. Ал әдебиетте белгілі бір бағыттың басында тұру, сол бағытты арнаға айналдыру, төл сөз өнеріміздегі жаңа жанр ретінде тұрақтандыру тіпті қиямет-қайым. Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жүктелді, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырды. Қазақтың кәдімгі «сапар» сөзімен астасып жатқан арабтың «сафарынан» шыққан бұл ұғым бүгінде бүкіл әлемде жаңа әдебиет өмірге алып келген соны жанр күйінде, тың термин түрінде қабылданған. Э.Хемингуэй, Х.Маккой, Дж.Адамсон, т.б. қаламгерлердің тұнып тұрған таза да тұмса табиғаттың қойнау-қойнауына тікелей өзі барып, бәрін өз көзімен көріп, өз таным-түйсігімен ақ қағаздың бетіне төгілдіріп түсірген тамаша жазбаларынан кейін осы жаңа жанрға алдымен қалам тартқан Әлібектің «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай» сынды дүниелері жыл өткен сайын табиғат-анамыздан алыстатып, жанымызды жүдетіп бара жатқан мына жаһандану дәуірінде айрықша аяулы. Бұл туындылар қазақ қаламгерлерінің өмірді танып-білуі әлемдік сөз өнері өкілдерінің үйренерлік үздік үлгілері арнасында дамуға ауысқанының айшықты айғағы ретінде де қымбат.
Қаламгердің «Алтай. Алтын бесік, атажұрт» атты кітабына енген шығармалары тәуелсіздік дәуірі әдебиетінің шоқтықты бір биігіне, еркін ойлаудың, жаңаша жазудың тағылымды арнасына айналды. Бұлай дегенде біз қаламгердің сөз өнерінің ат суарар басты бұлағы өмірдің өзі екенін кемел көрсетуін, туған жеріміздің тамаша табиғатын төгілдіріп суреттеу арқылы Отанымыздың қадір-қасиетін арттыра түсуін, қазақ оқырманын Жер-ананың қойнында, Ел-ананың құшағында өмір сүруге қызықтыруға септескенін алдымен айтамыз. Мыңдаған жыл бойы сайын сахараның төсінде, асқар таудың қиясында арда өскен қазақтың мына жаһандану жағдайында өзінің ұлы даласындағы өсімдік, жан-жануар әлемінен жырақтап, жанын жүдетіп жібергені, судың қызығын да, нудың қызығын да, аңшылықтың қызығын да, балықшылықтың қызығын да негізінен басқа ағайындар көріп жүргені, ал жердің табиғатынан алыстау бара-бара елдің табиғатынан алыстауға, халықтық қалпымыздан айырылуға апарып соқтырмай қоймайтыны Асқаров кітаптары арқылы шын мәнінде алғаш рет ашыла да, ашына да айтылды. Арғы-бергі әдебиетімізде табиғатты дәл Әлібек Асқаровтай кәсібилікпен кестелеген, бұл тақырыпты дәл осылайша жүйелілікпен жазған суреткер қаламгер көп болған емес. Оны дәл қазіргідей табиғаттың қадір-қасиеті айрықша біліне бастаған жаһандану дәуірінің жазушысы ретінде даралап тұрған да осы қасиеті.
Айтқандай, аталған кітаптағы суреттің барлығын Әлібектің өзі түсірген. Кәдімгі кәсіби фото өнерінің туындылары. Бұл жағынан ол әйгілі Василий Песковты еске салады. Негізінде біз де Әлібек Асқаровты Песков сияқты «жазушы, журналист, фотограф, саяхатшы» деп сипаттасақ, еш артығы жоқ. Песковтан Асқаровтың бір артықшылығы – альпинистігі. Ана бір жылы ол жанына өзі сияқты төрт жанкештіні қосып, біраз уақыт кәсіби альпинистен сабақ алып, Алтайдың ең биік шыңы – 4 506 метрлік Мұзтауға көтерілген...
Әлібек Асқаровтың әңгіме, повестерін, романын былай қойғанда, кезінде екі жүз мыңнан асатын таралыммен «Егемен Қазақстанда» қос-қос бетке қайта-қайта басылған «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Марқакөл-Шанағаты», «Аспантау», «Қайырымды үміт мүйісі», «Қазығұрт» сияқты сырлы сафарилерінің сыртында Алтай өңірінде нақты орын алған оқиғалардан ойып тұрып шығарған шыншыл хикаяларының өзі бөлек жатқан тұтас дүние. Жер түбіндегі Саха еліне барып, жазып қайтқан «Саха-Якутия. Ақ қар, көк мұз еліне саяхат» сафариінің орысша жарияланғанын күні кеше естіп жатырмыз.
Қайраткер
Әлібек Асқаров – қаламгерлігі мен қайраткерлігі тең түсетін талант. 1991 жылы, Президент Әкімшілігінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенімде досымды аппаратқа жұмысқа шақырған жайым бар еді. Оны мен жетпіске толғанда газетке жазған мақаласында былай келтіреді: «Жас мемлекетіміздің шаңырағын бірге көтерісіп, керегесін бірге керіскен, еліміздің ішкі саясатын түйіндеген топқа сол жылдары біз де қосылғанбыз. «Өнер» баспасында дыңдай бастық – бас редактор болып жүрген жерімнен «Осында кел. Тарих жасалып жатыр. Ұлы шаруаға араласу шансы бар. Аппарат мектебі деген үлкен мектеп. Шыңдаласың. Құрығанда бір баспаға директор күйінде қайтарыңа мен кепілдік беремін» деп шақыртқан да осы Сауытбек. Баспаға директор болу тұрмақ, министрдің бірінші орынбасары деңгейіне дейін жеттік».
Иә, ол артқан үмітті толық ақтады. Артығымен ақтады деудің де жөні бар-ау. Елдік іске әрдайым жанын сала жұмылды, өзі айтқандай, министрдің бірінші орынбасары биігіне дейін жетті. Президент Әкімшілігінде көптеген жыл бойы ішкі саясат мәселелерімен айналысты – бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Астана мен Алматыдағы екі бірдей ұлттық кітапханамызды, Кітап палатасын, «Тіл-Қазына» орталығын басқарды. Әлібек Асқаровтың тәуелсіздік идеологиясын қалыптастыруға атсалысуы, егемендіктің елең-алаңында елдегі баспаханаларды, кітап шығару ісін сала ретінде сақтап қалуға сіңірген еңбегі қандай биік бағаға да лайық.
Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын, Ордабасыдағы ұлы жиынды, Абайдың 150 жылдығын өткізу тұсындағы Әлібектің жанашырлығын, ақ-адал атқарған алапат көмегін біз ешқашан ұмытпаймыз.
Оның туған жері – Қатонқарағайға жасаған жақсылығына арнайы тоқтала кетейік. Бір мақаладағы «Во многом благодаря Алибеку Катон-Карагай обрел новую жизнь» деген сөз сәл артықтау болса болар, бірақ жаны бар сөз. Оған біз куәміз. Әлібек біздің бөлімге келісімен Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру жөніндегі Үкімет қаулысын қабылдатудың қамына кірісті. Ұлттық парк құру – жылдарға созылатын күрделі жұмыс. Сол жұмысты Әлібек елшіл азаматтардың көмегімен, биліктегі қызмет бабын да пайдалана жүріп, ақыры жеріне жеткізді. Табиғат байлығы қорғалды. Жүздеген адам жұмыс тапты. Ол парк Әлібек болмаса, құрылмай қалар еді демейміз. Ол парк Әлібек болмаса, әлдеқайда кешірек құрылар еді дейміз. Туған жері алдындағы перзенттік парызын ол осылай ақтаған.
Әлекеңнің асыл азаматтығы, досқа адалдығы, жарға сүйіспеншілігі, балаларына, немерелеріне мейірімі, уәдеге беріктігі, көңілінің кеңдігі, қолының ашықтығы, юморға кемелдігі жайында қанша айтсақ та жарасады. Онымен жолға шығу дегенің бір жанның рақаты. Абайдың 150 жылдығы, Әуезовтің 100 жылдығы тұсында, халықаралық кітап көрмелерінде, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығын Қалдарбек Найманбаев, Талғат Мамашев сияқты азаматтар басқарып тұрған жылдарда Парижде, Каирде, Александрияда, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Венада, Венецияда, Майндағы Франкфуртта, Мюнхенде, Анкарада, Ыстамбұлда, Ослода, Стокгольмде, Хельсинкиде, Вестероста өткізген жиындар кезінде, Қатонқарағайға, Нарынқолға, Қазығұртқа шеккен сапарларда, облыстардағы той-томалақта Әлібек даладай дарқан жанымен, досты ардақтайтын кіршіксіз көңілімен жүректі талай тебіренткен.
Әлібектің болмыс-бітіміне жасандылық жат. Ойда жоқ жерден ойшылдық танытып жатпайды. Жалпы, Әлібек талай дүниені ішкі түйсікпен жасайды. Оның мықтылығы да сонда. Табиғаттың жанды суретін салуды Пришвиннен үйренген деп мақтап жазатындарға «Михаил Пришвинді мен бейбақ ғұмыры оқымаппын» деп қарап отыратыны да содан. Мұнысын ауызекі әңгімеде айта салмай, сұхбатта жариялайтынын қайтерсің. Оның есесіне өзі түбіне түсіп оқыған авторларын ерекше құрмет тұтады. Солардың бірі – Григорий Федосеев туралы былай деп жазған: «Бұл кітаптарда табиғатқа, орман-тоғайға, ит тұмсығы батпас дүлей тайгаға деген ұлы махаббат бар. Табиғатты суреттеуде оқырманын әсте жалықтырмайды, бір суреті екіншісіне ұқсамайды, көргенін қайталамайды. Федосеевті оқып отырып, балалық шақтағы жайлау, шөп шауып жүрген кездегі Алтайдың жайқалған жота-қырқалары, толқыған бұйра шалғыны, таутеке ойнаған шың-жартастары көз алдыңнан жосылып өткендей болады. Федосеевтің кітаптарында табиғат – жанды, автордың әр сөзінен табиғатқа деген ұлы сағынышы сезіледі! Мұндай мөлдір сағынышты классик жазушылардан да кездестіру қиын».
Бұл сөзді біз бүгінде Әлібектің өзіне қатыстырып та айта аламыз. Осы үзіндідегі «Федосеевті» деген тұсты «Асқаровты» деп, «Федосеевтің» деген тұсты «Асқаровтың» деп қайта бір оқып көріңізші, Әлібекке артықтық етер ме екен? Артықтық етпей-ді.
Университетте студенттерге «Мақаланы тартымды етудің тағы бір тәсілі – тосын бітіру» дейтініміз де бар еді. Оны да көрейік. Ол үшін өзіңде жоқ әдет шығарып, ұйқас сөзбен (өлеңмен емес!) аяқтауға да болады.
Асыл досым бар деймін Әлібектей,
Адал, ашық, ақжарқын әрі бектей.
Алдан шығып, қасыңнан табылатын,
Ауыр сын сағатта да әрі кетпей.
Аянбайтын қалғанша әлі жетпей,
Алдырмайтын қорғаным әрі беткей.
Аппақ жанын, ақ арын адал сақтар,
Алатаудай жататын қары кетпей.
Асуын жетпіс бестің елең етпей,
Аман жүріп, жүзге де әлі жеткей!
Асқаров асқарлардан аса берсін,
Алға түсіп, құрдасын ала кеткей!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ