Елнар БЕРІКБАЕВ,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
Демократияның жаңа белесі
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде жаңа Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Құрылтай – Қазақстан Парламенті үшін шын мәнінде халықтық атау. Бұл сөзде тарихи жады, ұжымдық талқылау дәстүрі және халықтың шешім қабылдауға қатысу рухы көрініс табады. Құрылтай формалды билікпен емес, қоғамның үні естілетін, диалог, келісім және халық алдындағы жауапкершілік маңызды болатын жиынмен үндеседі.
Президент Парламентте нағыз патриоттар мен жоғары білікті мамандар жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Жалпы, мандат саны ортақ пікір бойынша 145 болуы керек. Жаңа Парламенттің тек кәсіби мамандар мен патриоттардан тұруы аса маңызды. Депутаттардың құзыреттілігі мен жауапкершілік деңгейіне заңдардың сапасы, елдің дамуы және азаматтардың әл-ауқаты тікелей байланысты. Заң шығармашылығындағы кәсібилік – қабылданатын шешімдердің салдарын терең түсіну, сарапшылармен жұмыс істей білу және қоғамның үнін ести алу. Ал патриотизм ұрандарда емес, халық мүддесіне қызмет етуде көрінеді. Осы қасиеттердің үйлесімі ғана қуатты, тиімді және шын мәнінде халықтық Парламент – Құрылтайды қалыптастыра алады.
Мемлекет басшысы жаңа құрылым заң шығарушы органның жұмыс тиімділігін арттырып, ел дамуының басым бағыттарына шоғырлануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа Парламент бес жыл мерзімге сайланатын болады.
Сонымен қатар Президент жаңа орган – Қазақстанның Халық Кеңесін құру туралы жариялады. Бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін біріктіріп, барлық этностар мен қоғамдық топтардың өкілдігін қамтамасыз етеді.
Кеңес құрамына 126 адам кіреді: этномәдени бірлестіктерден – 42 өкіл, мәслихаттардан – 42 өкіл, қоғамдық ұйымдардан – 42 өкіл. «Халық Кеңесі» отырыстары жылына бір рет өтеді.
Президент Халық Кеңесінің – Қазақстанның Халық кеңесінің мәртебесі мен қалыптастыру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімінде және жеке конституциялық заңмен бекітілетінін атап өтті. Оның құрамына азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.
Халық кеңесінің қызметі Конституцияға сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстанның Халық Кеңесі өзге елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік органға айналады. Онда барлық этностар, халық топтары мен өңірлер өкілдік алады. Кеңес елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады, ал оның төрағасы заң шығару бастамасы құқығына ие болып, бұл оның мәртебесін едәуір күшейтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауы, адамгершілікке жат мінез-құлық үлгілерінің насихатына қарсы тұруы тиіс екенін айтып, сондай-ақ мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайтынын атап өтті.
Сонымен бірге ешкім өз көзқарасын өзгеге таңуға құқылы емес. Зайырлылықтың мәні де – осында. Мемлекет ақыл айтушы рөлін атқармайды, қай сенімнің «дұрыс», қайсысының «дұрыс емес» екенін анықтамайды. Оның міндеті – барлығына бірдей мүмкіндік беретін тең кеңістік қамтамасыз ету. Тарих пен қазіргі заман көрсеткендей, қақтығыстардың көпшілігі көзқарастардың айырмашылығынан емес, өз дүниетанымын өзгелерге, көбіне агрессивті әрі шеттетуші түрде таңудан туындайды. Бір сенім жүйесі өзін жалғыз ғана рұқсат етілген деп жариялаған кезде, диалог жоғалып, қысым басталады.
Сенім бостандығы – сену, күмәндану, сенбеу, көзқарасын өзгерту құқығы. Зайырлылық дәл осы еркіндіктің қалқаны болып, әрбір адамды оның дүниетанымына қарамастан қорғайды. Өзгенің шекарасына құрметпен қарау – бейбіт қатар өмір сүрудің негізі. Еркіндік тек мәжбүрлеу жоқ жерде ғана мүмкін болады. Сондықтан зайырлылықты қорғау – әрқайсымыздың еркіндігімізді қорғау.