Бұл – саяси реформалардың соңғы кезеңі

Бүгін, 14:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: ОКҚ

Талғат ҚАЛИЕВ,

саясаттанушы:

Бұл – саяси реформалардың соңғы кезеңі

– Бұл құрылтай соңғы құрылтай болып есепте­леді. Өйткені бұдан кейін құрылтай таратылады. Жал­пы, басынан бастап қарасақ, кезінде басталған барлық саяси реформал бір логикамен жүріп келе жатқанын көреміз. Қазір сол логиканың түбі айқындалып, ашылып отыр. Өйт­кені бұрын мемлекет бірінші Президенттің тұлғасы төңірегінде құрылды, бүкіл жүйе сол бір адамның рөліне негізделді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев басынан бастап институционалды мемлекет моделін жүзеге асы­рып келеді. Бұл модельде мемлекет нақты тұлғаға емес, институттарға сүйенеді. Осы реформалардың бар­лығы институттарды нығайтуға және тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан ол алғашқы күннен бастап «күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп айтып келеді. Яғни, осы модельде қандай институт қалай жұмыс істеуі керегін нақты көрсетіп отыр.
Соның нәтижесінде, қазір біз түпкі формуланы көріп отырмыз. Президент өз қолына өкілеттікті шо­ғырландыруды көздемейді, керісінше, оны барынша бөліп, бір палаталы Парламентті күшейтіп отыр. Енді Парламент барынша ықпалды болады, өйткені депу­таттар бұрын Мәжіліс пен Сенатта бөлек болған өкі­леттіктерді қатар иеленеді. Сонымен қатар олар Конс­титуциялық соттың құрамын толық қалыптас­тыр­ады. Конституциялық сот – өте ықпалды орган, қа­жет болған жағдайда тіпті президенттің шешім­деріне де ықпал ете алатын институт.
Ең бастысы – Ұлттық халық кеңесінің, Ұлттық кеңес­тің, салалық кеңестердің құрылуы. Ол өзіне Ассам­блеяны да, Құрылтайды да біріктіреді. Бұл орган заң шығару бастамасына ие болмайды, бірақ конс­титуция­лық мәртебеге ие болады. Бұл – өте маңызды шешім. Өйткені енді мемлекет ішіндегі диалог, пікір алмасу конституциялық сипаттағы арнайы кеңесші орган арқылы жүзеге асады. Президент бұл орган ар­қылы тікелей мәселелер көтере алады.
Бұрын, мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы этникалық топтар үшін жеке бір күн тәртібін қалып­тастыратын, ол кейде жалпыұлттық күн тәртібінен ерекшеленіп тұратын. Қазір біз ұлттың жеткілікті деңгейде консолидацияланғанын мойындаймыз. Этникалық, діни немесе өзге де белгілер бойынша ешқандай дискриминация жоқ болғандықтан, этникалық принцип бойынша квоталар да алынып тасталады. Енді ішкі саяси күн тәртібі барлық азамат үшін этникалық немесе өзге айырмашылықтарға қара­мастан бірдей қалыптасатын болады. Бұл – өте маңызды мәселе. Ұзақ мерзімде бұл институт Ассамблеяға қарағанда әлдеқайда ықпалды әрі тиімді бо­лады. Ассамблея белгілі бір дәрежеде оқшау инс­титут болды, шектеулі әлеуметтік лифт ретінде ғана жұмыс істеді. Ал қазір Ұлттық кеңес құрамына саяси партиялар, ғылыми қауымдастық, қоғамдық өкілдер, мәслихат төрағалары кіреді. Бұл алаңда олар қажетті институттармен тікелей байланыс орнатып, өздерінің саяси амбицияларын немесе мемлекеттік қызметтегі мақсаттарын жүзеге асыра алады, сонымен қатар жал­пыұлттық күн тәртібінің қалыптасуына ықпал ете алады.
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізген бар­лық реформаның түпкі мақсаты персоналистік мем­лекет моделінен институционалдық модельге көшу болғаны айқын көрініп отыр. Яғни, елдің бір ғана тұлғаға тәуелді болуын тоқтатып, адам болмы­сы­нан да берік, бірнеше іргелі тірекке сүйенетін орнық­ты жүйе қалыптастыру көзделді.
Осы логиканы негізге алсақ, бұл өзгерістер саяси реформалардың соңғы кезеңі болады деп пайымдауға болады. Ендігісі – барлық ұсынысты жинақтап, өз­геріс­терді жүйелеп, оларды Конституцияға енетін тү­зету түрінде ұсынатын конституциялық комиссия­ның еншісінде.

Тэгтер:

Құрылтай