Атқарушы билік нақты нәтиже берсе дейміз – Еділ Жаңбыршин

Бүгін, 14:30 / Ербұлан Қайрат

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты:

Атқарушы билік нақты нәтиже берсе дейміз

– Ұлттық құрылтай – пікір айтумен шектелетін алаң емес, мемлекеттік сая­сатқа ықпал ететін жауапты мінбер. Әлеуметтік-мәдениет секциясында мен үш стратегиялық бағытқа арнайы тоқталдым: руханият, халықтың әл-ауқаты мен экология.
Алдымен, руханият. Руханият – мәдени сала ғана емес, мемлекеттің ішкі иммунитеті. Осыған бай­ла­нысты «Ұлттық рухани қауіпсіздік тұжырым­дама­сын» қабылдау қажет деген мәселе көтердім. Деструктивті идеологиялар, радикал ағымдар, сырттан таңылатын жасанды мәдени стандарттар мемлекеттік қауіпсіздік деңгейінде танылып, тосқауыл қойылуға тиіс. Бұл ба­ғытта Қожа Ахмет Ясауи рухани-мәдени мұрасын зерт­теу, зерделеу және кеңінен тарату жұмысын құ­зырлы министрлік деңгейінде нақты жауапкерші­лік­пен жүргізу маңызды. Ясауи ілімімен рухани сабақтас Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы ең­бек­терін негізге алған көпжылдық кешенді бағдарлама әзірлеп, оны формалды насихат емес, ұлттық сананы бекітетін нақты саясатқа айналдыру қажет. 
Дін саласында формализмнен арылып, қазақтың салт-дәстүрімен, тарихымен және мәдени бол­мы­сы­мен үндескен мәдени-ағартушылық тәсілге көшу керек. Дін, дәстүр, тіл мен тарих – біртұтас ұлттық мә­дени код ретінде қарастырылуы керек.
Тіл – рухтың тірегі. Қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы емес, ғылымның, технологияның, жасанды интел­лекттің және мемлекеттік басқарудың тіліне айналуы қажет. Мемлекеттік қызметке қабылдауда қазақ тілін білу формалды талап болып қалмауға тиіс. Конс­титуцияда бекітілген мемлекеттік тілді еркін меңгеру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті, ал қазақ тілінен тест нәтижесі шешуші көрсеткіш ретін­де ескерілуі қажет.
Екінші – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Эко­номикамыз әлі де мұнай-газ секторына тәуелді екені жасырын емес. Көптеген кен орны сарқылуға жа­қын. Біз оларды қолдау үшін заңнамалық өз­геріс­тер енгіз­дік, бірақ бұл жет­кіліксіз. Ел экономикасы­ның негізгі тірегі – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орын­дары. Бұл жобаларда Өнімді бөлу шарттары мен ар­найы контрактілер қолданылады. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, бұл келісімдерді ел мүд­десіне сай қайта қарау қажет. Осыған байланыс­ты ұсынысым – «Өнімді бөлу шарттары мен арнайы конт­рактілерді трансформациялау туралы» жеке заң қабылдау. Мақсаты – ұлттық мүдде мен инвестор ке­піл­дігін тең ұстау. Алдағы кезеңде осы ірі кен орын­дарындағы Қазақстанның үлесін кемінде 50 пайызға жеткізе алсақ, бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты қаржылық мүмкіндік береді.
Үшінші – экология. Экологиялық проблемаларды кейін­ге ысыруға болмайды. Тұрмыстық қатты қал­дық­тарды өңдеу мен кәріз суларын тазарту саласында заманауи технологиялар әлі де толық енгізілмей отыр. Негізгі себеп – ескірген стандарттар мен талаптар. Сондықтан нормативтік құқықтық актілерді, салалық ере­желерді және экологиялық стандарттарды жедел түрде жаңартып, қазіргі технологиялық жағдайға бейімдеу қажет. Ескі Кеңес стандарттарымен алысқа бара алмайтынымызға көз жеткіздік.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бұл мәселелер жеке бастама емес, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақ­тылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жүйелі міндеттер. Парламент Мәжілісі бұл бастамалар­ды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге дайын. Ендігі мәселе, атқарушы билік тара­пынан жауап­кер­шілік пен нақты нәтиже болса дей­міз. 
 

Тэгтер:

Құрылтай