Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты:
Жаңа кезеңге бағыт-бағдар берген жиын
– Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуына қатысты негізгі басымдықтарды айқындады. Президент жоғары технологияға негізделген, энергияны үнемдейтін жаңа экономика құру ең алдымен мықты әрі жүйелі инфрақұрылымға тәуелді екенін атап өтті. Алдын ала ойластырылмаған жобалар шығынды арттырып, ауқымды істің мазмұнын әлсірететіні айтылды. Осыған байланысты ІТ инфрақұрылым мен деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру мәселесіне айрықша назар аударылды. Барлық дата-орталықтар сенімді қуат көздерімен, қауіпсіздік және салқындату жүйелерімен қамтамасыз етілген арнайы аймақтарда салынуға тиіс. Осы мақсатта Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Екібастұз бассейнінің энергетикалық әлеуетін пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» құруды жоспарлап отыр. Ал бұл міндет энергетика саласының дамуымна тікелей байланысты.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаңа қуат көздерін атом стансалары толық іске қосылғанға дейін-ақ дамыту қажет екенін атап өтті. Қазақстанның көмір, газ және су ресурстары елдің стратегиялық байлығы екені баса айтылды. Еліміздегі 33 миллиард тоннаға жуық көмір қорын экологияға зияны аз, заманауи технологиялар арқылы тиімді пайдалану қажет. Көмірден қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесін беру тапсырылып, Үкіметке оны белгіленген мерзімде қабылдау міндеттелді.
Сонымен қатар газ саласындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Газ өндіруді арттыру, жаңа кен орындарын игеру, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру және импортқа тәуелділікті азайту қажеттігі айтылды. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс.
Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды бағыт – су ресурстары. Мемлекет басшысы еліміздің су-энергетикалық әлеуетіне шынайы баға беріп, заманауи карта әзірлеу қажеттігін атап өтті. Барлық жұмыстар гидроэнергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс.
Энергетика саласындағы тұрақтылық елдің көлік-логистика кешенін дамытумен өзара сабақтас. Осы орайда Мемлекет басшысы автожол және теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударды. Мыңдаған шақырым жол қайта жөнделіп, жаңа бағыттар іске қосылуда.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Бейнеу – Сексеуіл», Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған секілді стратегиялық жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, өңірлер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді. Аталған жобалар елдің халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі орнын нығайта түседі.
Ал теміржол және әуе қатынастарын жүйелі дамыту Қазақстанды жаһандық логистика картасындағы маңызды түйінге айналдыруға жол ашады. Жаңа халықаралық рейстер мен транзиттік бағыттар елдің ашық экономикасы мен азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай – нақты шешімдер қабылданып, ел дамуының жаңа кезеңіне бағыт-бағдар берілген маңызды жиын. Мұнда көтерілген бастамалар Қазақстанның экономикалық қуатын арттырып, өңірлік әрі жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде орнығуына қызмет етеді.