Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Реттеуші деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болып, Ұлттық банктің болжамына сай келген.
Инфляцияға ең үлкен үлесті азық-түлік компоненті (13,5%) қосып отыр. Оның құрылымында ет пен май бағасының жоғары өсуі өндіріс шығындарының артуымен және экспорттық жеткізілімдердің жоғары болуымен байланысты.
2025 жылдың желтоқсан айында айлық инфляция біршама жеделдеп, 0,9% деңгейін құрады. Базалық инфляция жоғары деңгейде сақталып, 0,8% болды.
– Инфляциялық үдерістердің динамикасы мен тәуекелдер теңгерімі Ұлттық банктің болжамдары мен бағалауларына сәйкес келеді. Сонымен қатар, сыртқы сын-қатерлер, салық жүйесіндегі өзгерістердің ықпалының ауқымына қатысты белгісіздік, сондай-ақ ағымдағы жылдың екінші тоқсанынан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасының қайта өсу параметрлері базалық мөлшерлемені белгілеуде байыпты әрі сақтық танытатын тәсілді қажет етеді. Осыған байланысты базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін жоғары ықтималдықпен қазіргі деңгейінде сақталатын болады, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.