Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда еліміз үшін маңызды ойлар айтылды. Түбегейлі саяси реформалар жасалып, Конституцияға түбірлі өзгерістер енетінін, бір палаталы Құрылтай жасақталып, Халық кеңесі құрылатынын білдік. Бұл бастамалардың өзектілігі неде? Құрылтай мен Халық кеңесінің құзіреттілігі қандай болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде академик, сенатор Дархан Қыдырәлімен сөйлескен едік.
– Дархан Қуандықұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген көлемді сұхбатында биыл елімізде үлкен бетбұрыстар болады деген еді. Күні кеше Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел Конституциясына түбегейлі өзгерістер жасалып, саяси реформалар болатынын мәлімдеді. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың мән-маңызы туралы әңгімелессек деп едім.
– Жыл өте қарқынды басталды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Turkistan газетіне сұхбат берді. Мемлекет басшысы дәстүрге айналған бұл сұхбатында елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, күрмеуі қиын күрделі мәселелерге де тоқталып, бағыт-бағдарымызды айқындаған маңызды мәселелерге тоқталды. Сұхбатта биыл еліміздің болашақ даму жолына бағыт-бағдар болатын түбегейлі өзгерістер жылы болады деді. Сол үшін Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтайды асыға күттік. Қандай ауқымды жаңалықтар болады екен деп елеңдедік.
Бұл құрылтайдың Қызылордада өтуінің айрықша символикалық мәні бар. Осыдан 100 жыл бұрын Қызылордада өткен жиын да V құрылтай екен. Осы жолы да V Ұлттық құрылтай өтті.
1926 жылы Қызылордада өткен құрылтайда «Қазақ» атауы қайтқан, ұлтымыз өз атымен аталған, тарихи әділеттілік қалпына келген жиын болса, бұл жолғы құрылтайда еліміздің ұзақмерзімді саяси дамуының бағдарын айқындап, саяси архитектурасын жүйелеуге бетбұрыс жасаған құрылтай болды. Қызылорда – Қазақстанның астанасы болып қана қоймай, аз жылдың ішінде елдің рухани түлеуіне тірек болған киелі қала. Президенттің кезекті құрылтайды Қызылордада өткізуге шешім қабылдауы – тарихи сананы жаңғыртып, мемлекеттік сабақтастықтың маңыздылығына мән бергені деп ойлаймын. Мен үшін бұл құрылтай – ұлттық кодтар мен символдар сөйлеген, тарихи әділеттілік пен ұлттық бірегейлікке баса мән берген кеңес болды.
– Қызылорда құрылтайының басты ерекшелігі не болды?
– Бұған дейін ел арасында «Сенат тарап, Мәжіліс қана қалады» деген ой болды. Президент өз сөзінде Сенат не Мәжілісті жою емес, түбегейлі парламенттік реформа болатынын айтқан болатын. Міне, сол сөзі осы құрылтайда нақтыланды. Енді елімізде бір палаталы Парламент құрылып, оның Құрылтай деп аталатыны белгілі болды. Құрылтай қалай жасақталады, оның құзіреттілігі қай деңгейде болады, Құрылтай депутаттары қалай сайланады деген сұрақтар елді елең еткізді. Әрине, құрылтайдың толық мазмұнын білу үшін ел Конституциясына енетін жаңалықтарды күтуіміз керек.
Бұған дейін арнайы жұмыс тобы құрылып, елдің өтініш-тілектері қаралды. Солардың бәрін ескере отырып, алдағы конституциялық өзгерістерді Президент Жарлығымен арнайы құрылған Конституциялық комиссия анықтайтын болады. Президенттің «Жаңа Конституция жазғанмен пара-пар» дегені бекер емес. Саяси реформаларды түпкілікті жасау үшін Ата Заңға жасалатын өзгерістердің маңызы өте зор. Осы арқылы біз тұтас жүйені жаңартып, саяси реформаның жаңа кезеңіне қадам басқанымызды Президент өзінің бастамашылдығымен нақты қолға алып отыр деуге болады. Яғни, конституциялық реформа арқылы Әділетті Қазақстан ұғымын түбегейлі бекітуге мән беріліп отыр. Қызылорда құрылтайының ең басты мәні осы дер едім. Тәуелсіздіктің 35 жылдығында жасалған бұл қадам еліміздің саяси архитектурасын «қайта жүктеу», жаңаша құрылымдау деуге болады.
– Парламенттің Құрылтай деп аталатынын естіген жұрт әртүрлі пікір айтып жатыр. Бұл атауды өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Сенаттың да, Мәжілістің де атын қалдырмай, Құрылтай деп атау – Президент айтқан түбегейлі парламенттік реформа болатынының айғағы дер едім. Мәжіліс сөзі – біраз елде қолданылатын, құлақсіңді сөз болғанымен, құрылтайдың тарихы да, мәні де одан әлдеқайда терең. Құрылтай – түркілік көне танымға етене жақын сөз. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ерте ғасырларда-ақ құрылтайлар өткен. Ғұн заманында, Мөде қаған тұсында да елді біріктіріп, келешегіне бағыт болар үлкен құрылтайлар өткені тарихтан мәлім. Қазақ хандығының тұсында да елдің болашағын анықтаған ұлы құрылтайлар өткен. Тарихтағы «Түркістан құрылтайы», «Ордабасы құрылтайы» – соның дәлелі. Одан өзге де ірілі-ұсақты құрылтайлар өткенін білеміз.
Құрылтай – тағдыршешті шешімдер қабылданатын, елдің даму бағдарын айқындайтын, оның қауіпсіздігі мен ішкі-сыртқы байланысын межелейтін, экономикасы мен саяси әлеуетін саралайтын, қоғам мен билік арасында диалог алаңы болатын ортақ платформа. Сондай-ақ көне тарихи атау. Құрылтай атауын мен «Ұлы дала» ұғымы сияқты ұлттық кодымызға, тарихи жадымызға қайта үңілу деп ойлаймын. Тарихи әділеттіліктің орнауы деп білемін. Біздің бұл атауымыз көршілес елдерге де ой салуы мүмкін. Өйткені оларға да бұл атау жат емес.
Осыған дейін бес рет өткен Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалог алаңы болып, елдегі саяси және әлеуметтік өзгерістерге мұрындық болса, енді оның атын иемденген орган – заң шығарушы мінберге айналып отыр. Бұл да жақсылықтың нышаны.
– Мәжіліс пен Сенатты біріктіріп, бір палаталы Құрылтайға айналдырудың еліміз үшін маңызы қандай?
– Бір палаталы Парламент – унитарлы елдердің жолы. Өтпелі кезең үшін Сенат керек болды. Сенат – мемлекет болып қалыптасуымызға, Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаттағы орнықтылығына, елдің дамуына өзінің үлесін қосқан бірегей құрылым. Бірақ заманмен бірге заң өзгереді. Біз қазір ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Сол үшін бір палаталы Парламент – уақыттың талабы. Саяси реформалар өз уақытында жүрсе, елдің даму потенциалы артады.
– Құрылтайға депутат болу үшін саяси партияларға мүше болу керек деген байламға қарсы уәждер де айтылып жатыр. Тек партиялық тізіммен сайлау өткізу партияға мүше емес белсенділердің депутат болып сайлануына кедергі болмай ма?
– Партиялар арасындағы бәсекелестік, электорат жинауға құлшыныс саяси мәдениеттің дамуын тездетеді. Саяси бәсекелестік болған жерде, қоғамдағы түрлі көзқарастар ортақ пікірталасқа айналады. Сондықтан, саяси партиялардың белсенділігі артса, одан ел ұтпаса, ұтылмайды. Саяси партия – өзінің нақты бағдарламасы, жобасы, жұмыс істеу тәсілі, ортақ ұстанымы бар азаматтар одағы. Әдетте, үндері шықпай, тек сайлау кезінде белсеніп шығатын партиялар болашақта азаяды, олардың орнын үнемі жұмыс істейтін, жүйелі құрылымы бар партиялар басады. Партия фракциялары арасындағы бәсекелестік күшейіп, Үкіметті жасақтауға талас күшеюі ықтимал. Партия болған жерде, бәсекелестіктің болатыны заңды құбылыс. Черчилль айтқан сөз бар ғой: «Біз бүгін сайлауда жеңіске жеттік. Енді бүгіннен бастап келесі сайлауға дайындалуымыз керек» деген.
Кімде кім өзінің ойын, идеясын өткізгісі келсе, саяси партиялар арқылы жұмыс істеуді үйренуі керек. Әрине, жеке жүріп, ешқандай партияға қосылуды қаламайтын белсенділердің болуы заңды. Ол саяси мәдениеті дамыған елдерде де бар. Олар өз ұстанымы мен ұсынысын қоғамдық ұйымдар, топтар, бірлестіктер арқылы жеткізіп, саяси партияларға ықпал етеді. Ондай үрдіс бізге де жат емес. Сондай-ақ жаңадан құрылатын Халық кеңесінің мүмкіндігі зор. Қоғам белсенділері сол кеңес арқылы заң шығаруға, биліктің назарын өзекті мәселелерге адуаруға ықпал етуіне мүмкіндік туады.
– Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының орнына Халық кеңесі деген жаңа құрылым пайда болатыны айтылды. Халық кеңесі қандай құрылым болады, немен айналысады деген сұрақ бар. Осы жаңа құрылымның өкілеттілігі қандай болады?
– Әуелі бес рет өткен Ұлттық құрылтай өзінің тарихи миссиясын атқарғанын айтып өттік. Ал Ассамблеяға келсек, бұрын Мәжіліс пен Сенатқа Ассамблея үшін арнайы квота берілетін. Енді барлығы партия арқылы өтетін болғаннан кейін ол квотаның жойлатыны анық.
Ассамблея – өзінің 30 жылдық тарихында еліміздің бірлігіне, этностар арасындағы ынтымақтың артуына, Қазақстанды ортақ отанымыз деп түсінетін жас буынның қалыптасуына ықпал етті. Өздеріне жүктелген миссиясын жақсы атқарды десек болады.
Ал енді жаңа құрылым – Халық кеңесіне трансформациялануының өзі Ассамблеяға берілген әділетті баға деп білемін. Халық кеңесінің құзіреті де, мүмкіндігі де Ассамблеядан кең екенін түсінуіміз керек. Ассамблея халықтың үнін жеткізетін құрылымға айналып отыр десек болады.
Бұл трансформация Мемлекет басшысы үнемі айтатын ұлттық бірегейлік пен әділеттілік принципіне толық сәйкес келеді. Енді ешкім белгілі бір этникалық топтың немесе Ассамблея мүшесі болғаны үшін ғана Парламентке келмейді, барлық қазақстандықтың құқығы мен мүмкіндігі тең болады. Барлық Қазақстан азаматы – тең құқылы, бір үйдің баласындай ортақ игілікке ие. Мұны әділеттілік принципінің негізгі өзегі десек, қателеспейміз. Осы арқылы Ассамблея жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
«Кеңес» сөзінің мән-мағынасы ұлтымыз үшін өте ауқымды. «Халық кеңесі», «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» болғанын тарихтан білеміз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп жатамыз. Қызылорда құрылтайы ұлттық кодтың жаңғыруына түрткі болды дедім ғой. «Құрылтай», «кеңес» сөздері мен Абай, Әл-Фараби, Яссауи жолдарының біздің ұлттық ізгілікке бағытымыз екенінің айтылуы тектен тек емес. Біз адаспайтын бағдарымызды тапсақ қана, өз бет-бейнемізді сақтай аламыз. Өзіміздің ұлттық дәстүрімізді ұлықтай отырып, оның озығы мен тозығы барын да осы құрылтайда қайта бір бағамдадық. Қыз алып қашу, сыбайластық, орынсыз мал шашпақтық секілді әдеттер ұлттық дүниетанымымызға кері әсер ететінін түсінер сәт келді. Халық кеңесі – осы идеядан туған бірегей атау.
Халық кеңесі – Ассамблеяның, конфессияаралық, дінаралық келісімнің, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мәслихаттардың, Ұлттық құрылтайдың басын біріктіріп, бәрімен ортақ жұмыс атқаратын іргелі құрылым болмақ. Осы арқылы Ұлттық құрылтай мен Ассамблея жұмысы жаңа масштабта қайта жасақталатынын ұғуымызға болады. Осы арқылы Халық кеңесі Сенаттың құзіретіндегі біраз шаруаны өзіне алады.
Халық кеңесі – қатардағы институттардан бөлек, құзіреті Конституция арқылы бекітілетін іргелі орган. Мысалы, Ұлттық құрылтайдың тұрақты хатшылығы болған жоқ. Ал Халық кеңесінің тұрақты хатшылығы жұмыс істеп, өзіне жүктелген міндетті уақтылы атқаруға мүмкіндік алады. Конфессияаралық және дінаралық диалогты үйлестіруге, этникалық татулықты сақтауға, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жетілдіруге, заң шығару ісіне ықпал етіп, қоғамдық пікірді билікке жеткізуге, әртүрлі топтың ұсыныстары мен тілектерін тыңдап, оларды шешу жолын қарастыруға, сол арқылы атқарушы билікке өз ұстанымын білдіруге заң тұрғысынан құзіретті болады. Былайша айтқанда, Парламентке баламалы халықтық Парламентке айналуы мүмкін. Сондықтан Халық кеңесінің маңызды рөлі болады. Кешегі құрылтайдың негізгі жаңалығының бірі осы Халық кеңесі деп ойлаймын. Өйткені бұл тұғыры Конституциямен бекітілген мүлдем жаңа орган.
– Құрылтайда қазақстандық дипломатияның маңызы туралы да айтылды. Әлем алмағайып заманда күн кешіп жатыр. Қазақстандық дипломатия моделінің айқын ерекшелігі бар ма?
– Қазір жаһандық сенім дағдарысы белең алды. Ойын ережесі тез өзгеріп жатыр. Оған бейімделу оңай емес. Қазір шекараны әскермен қорғау қиын. Қауіпсіздік мәселесінде дипломатияның атқарар рөлі зор. Бітімгерлік, мәмілегерлік – біздің арғы тарихымыздан жалғасқан артықшылығымыз. Қазақстанның көпвекторлы саясатының негізін қалағандардың бірі – бүгінгі Президентіміз. Ол кісі Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының архитектурасының авторы. Ұзақ жыл еліміздің Сыртқы істер министрі болды. Дипломатиялық корпусымыздың өзіндік моделін жасады. Көпвекторлы сыртқы саясат – біздің қорғанысымыздың берік іргетасы. Жаһандық бастамаларда Қазақстанның сөзі әркез өтімді. Давос форумына Қазақстанның алғашқылардың бірі болып шақырылуы соның көрінісі.
Өткен жылдың соңында Қазақстан «Ибраһим келісіміне» қосылды. Бұл келісім конфессияаралық және дінаралық келісім съезін өткізіп жүрген біздің болмысымызға, ұстанымымызға сәйкес келеді. Елімізде мекендейтін мұсылман, христиан, иудейлердің түп атасы – Ибраһим пайғамбар екенін ескерсек, бұл біздің ел тұрғындары үшін жат келісім емес.
Сондай-ақ «Ибраһим келісімінің» экономикалық маңызы да жоғары. Қазір Зангезур дәлізі ашылды. Бұған ар жағынан Америка жалғанып отыр. Израиль Сирия арқылы осы дәлізге шығады. Бұл – Батыс пен Шығысты жалғайтын жаңа Жібек жолы. «Ибраһим келісімі» саяси, экономикалық, логистикалық, технологиялық және басқа да көптеген мүмкіндік береді. Президенттің кешегі Давостағы кездесуі, бейбітшілік келісімінде қол қоюы осы «Ибраһим келісімінің» маңызын айқындай түседі. Ресей, Қытай, Еуропа елдерімен, Орталық Азиядағы көршілерімізбен, әлемнің барлық үйегіндегі мемлекеттермен тығыз қарым-қатынасымыз бізге үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Осы жетістіктеріміз – көпвекторлы саясатымыз болашақ Конституциямызда көрініс табатын сияқты.
– Кейінгі жылдары Орталық Азия елдерінің және түркі елдерінің ынтымағы күшейіп келе жатқаны байқалады. Бұл үрдістің дамуына Қазақстанның қосқан үлесі қандай?
– Кешегі құрылтайда да түркі дүниесінің ынтымағына жол бастар жақсы идеялар көтерілді. «Құрылтай» сөзінің өзі түркілік дүниетанымға бастар жол екенін туысқан елдер де түсінеді деп ойлаймын. Құрылтайда айтылған бірталай ұғымдар исі түркі дүниесіне ортақ. Кейінгі жылдары еліміз көршілерімен бірігіп «Алтай – түркілер отаны» атты үлкен форум өткізіп келе жатқаны айтылды. Сондай-ақ Жошы ұлысы мен басқа да тарихи тамырластығымызды түркі әлемімен байланыстыратынымыз да айтылды. Тарихи көптомдықтарда түркілік ортақ ұстанымдарды арқау ететіні сөз болды. Бұл мені тарихшы ретінде ерекше қуантты. Сондай-ақ Арал мәселесін де айналып өткен жоқ. Аралдың тағдыры Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді елдердің бәріне ортақ. Кез келген ел өзі жеке дами алмайды. Орталық Азияның бірлігі күшейсе, экономикалық әлеуеті де артады. Ортақ нарық пайда болады. Сондықтан да қазір 5+1 форматындағы форумдардың аясы кеңейіп келеді. Орталық Азия әлемнің жетекші елдері үшін үлкен алаңға айналуда.
Сондай-ақ Түркі кеңесінің де маңызы жоғары екенін түсінетіндер қатары молая түсті.
Осы игілікті бастамалардың алдыңғы легінде үнемі Қазақстан жүреді. Біз айналамызды достастыруға, ынтамақта өмір сүруге үндейтін елміз. Бұл ұстаным болашақ үшін де керек. Ұлы Дала өркениеті ұғымын берік ұстау – Қазақстанның алдағы уақыттағы бағдары бола береді деп ойлаймын. Әлем Қазақстанның түркі дүниесінің түп мекені екенін біледі.
– Президент сұхбатында «Мен – мемлекетшілмін» деді. «Мемлекетшіл тұлға» ұғымының ауқымы қандай?
– Қазір популизмнің заманы емес. Үлкен істерді үндемей атқару екінің бірінің қолынан келмейді. Мемлекетшілдік дегеніміз – мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қою әрі ел мүддесі жолында еңбек ету. Мемлекеттік мүдденің кей сәттерде ұлттық мүддеден де жоғары тұратын кезі болады. Ұлтыңның сөзін бір күн сөйлеп жақсы көріну бар да, ұзақ болашақ үшін жұмыс істеу бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін!» деген әйгілі сөзі осындайда еске түседі. Мұндай сәттерде кейбір топ сенің болашақ үшін істеген ісіңді түсінбеуі мүмкін. Тарихта ондай сәттер көп кезіккен. Президент мемлекет мүддесін бірінші орынға қоятын адам. Оны әрбір ісінен байқауға болады. Жасалып жатқан саяси реформалар – халық пен мемлекеттің болашағы үшін ыңғайлы жүйе құрудың тетігі. Жүйе дұрыс болмаса, мемлекеттік механизмнің ақауы күшейеді. Ұраншылдықпен істелген істің көбі ұзақ болашақтың емес, «осы сәт» үшін атқарылатынын саналы жұрт жақсы түсінеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы популизмнен гөрі прагматизмді ұнатады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ