– Нұрымбет Аманұлы, жуырда Президент газетімізге берген сұхбатында «Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті» деген еді. Әңгімемізді облыстағы энергетика нысандарының жай-күйінен бастасақ. Коммуналдық желілерді жаңарту, қайта модернизациялау процесі қалай жүріп жатыр?
– Бұл біз үшін ғана емес, Президент айтқандай, жалпы ел үшін маңызды мәселе. Облыста энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы жұмыстар әркез жеке бақылауымда. Себебі бұл тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. 2025 жылы жылу және электрмен жабдықтау саласына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 51,3 млрд теңгеге жетті.
Өңірдегі үш жылу электр орталығында 10,9 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары атқарылып, 18 қазандық пен 13 турбина жөнделді. Нәтижесінде, жабдықтардың тозу деңгейі 59,8%-тен 58,2%-ке дейін төмендеді. Ерекше бақылауда тұрған Риддер ЖЭО-да кейінгі үш жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: жабдықтардың тозуы 32 пайызға, жылу желілерінің тозуы 23 пайызға төмендеп, станса қауіптің «қызыл» аймағы-нан шығарылды.
Электр желілерінің жалпы ұзындығы 21,5 мың км құрайды, орташа тозу деңгейі – 84,4 пайыз. 537 км электр беру желілеріне, 39 қосалқы стансаға және 55 тарату пунктіне күрделі жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына дайындық аясында облыстың жылу желілерінде 8,1 млрд теңгеге 53,8 км желі қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Осының арқасында жылу желілерінің тозу деңгейі 55,6 пайыздан 50,3 пайызға дейін төмендетілді.
Су және кәріз желілерін жаңғырту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. Былтыр 358 шақырым су құбыры және кәріз желілері жаңартылып, су желілерінің тозу деңгейі 47 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуы 69 пайызға дейін төмендеді. 2026 жылы бюджет және тарифтік қаражат есебінен тағы 283 шақырым желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл су құбыры желілерінің тозуын 45 пайызға, кәріз желілерін 67 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Энергетика және коммуналдық секторларды модернизациялау» Ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы желілерді жаңарту және модернизациялау жоспарланған. Нақты айтқанда жылумен жабдықтауда жалпы құны 50,4 млрд теңгеге 147,3 км желі жаңартылып, тозу деңгейі 41,3 пайызға дейін төмендетіледі. Ал сумен жабдықтауда 26,4 млрд теңгеге 212 км желі жаңартылып, тозу деңгейі 38,3 пайызға дейін азаяды. Су бұру желілерінде жалпы құны 25,3 млрд теңгеге 213 км желі жаңартылады. Осы жұмыстар арқылы тозу деңгейі 55 пайызға дейін төмендетіледі. Коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыра береміз.
– Елдің дамуы үшін логистиканың, жолдың маңызы зор. Аймақтың логистикалық әлеуеті жоғары. Өйткені Қытай мен Ресейдің ортасын жалғайтын магистраль өтеді. Ұзақ жылдан бері осы күре жолдардың, халықаралық дәліздердің жөнделу мәселесі жиі айтылып келеді. Осы екі көршінің арасын жалғайтын күре жолдардың қазіргі ахуалы қандай? Облыс ішіндегі аудандар мен ауылдарды тұтастыратын жолдарды жөндеу жұмысы қай деңгейде жүріп жатыр?
– Елдің орнықты дамуы үшін логистика мен көлік инфрақұрылымының маңызы ерекше. Шығыс Қазақстан облысының бұл тұрғыда логистикалық әлеуеті мол, себебі өңір арқылы Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясын жалғайтын халықаралық маңызы бар көлік дәліздері өтеді. Ал осы күре жолдардың жағдайы талай жыл бойы өзекті мәселе болып келгені рас.
Қазір облыс аумағындағы негізгі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Шығыс Қазақстандағы автокөлік жолдары, теміржол, автобус бағыттары, әуе және су қатынасы желілері жан-жақты дамыған. Көлік жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 5,2 мың шақырым, теміржол желілерінің ұзындығы – 576 шақырым.
Облыс аумағы арқылы батыс бағытта – Абай облысына, шығыста – Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына, солтүстікте Ресей Федерациясының Алтай өлкесіне шығатын негізгі көлік дәліздері өтеді. Негізгі транзиттік ағындар «Майқапшағай» және «Уба» өткізу бекеттері арқылы жүзеге асырылады. Аталған бекеттер «Алматы – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» және «Омбы – Қалбатау – Майқапшағай» жол дәліздерімен тікелей байланысты.
2025 жылы «Майқапшағай» кеден бекетін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар «Уба» өткізу пунктінің ғимаратына және Өскемен – Шемонаиха бағытындағы кіреберіс жолға жөндеу жүргізілді.
Былтыр облыс бойынша шамамен 900 шақырым көлік жолы жөнделіп, бұл жұмыстарға 90 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Нәтижесінде, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» негізгі көлік дәліздерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазір Осинов асуы учаскесінде «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» автожолын қайта жаңарту, ал Өскемен қаласында көлік айрығын салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жалпы алғанда, облыс аудандары мен ауылдарын байланыстыратын жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, өңірдің көлік-логистикалық қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынып келеді.
– Шығыс Қазақстан облысы десе, ең алдымен, сұлу табиғаты, киелі Алтай көз алдымызға келеді. Өңірде туризмді дамытудың зор мүмкіндігі бар. Аймақта туризмді дамытудың нақты жоспары бекітілгенін білеміз. Кейінгі жылдары көршілес елдерден, әсіресе, Қытайдан туристер көп келе бастады деген ақпарат жиі айтылады. Облыста туризм саласының даму деңгейі қандай?
– Иә, шынында да тамылжыған табиғаты бар Шығыс Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті зор. Туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдырудың да мүмкіндігі мол. Ал туризмді дамыту – логистика, инфрақұрылым, сервистің сапасы, инвестициялық белсенділік және мемлекеттің рөлі сынды бірнеше бағытты қамтитын кешенді міндет.
Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында өткен жылы облыста Туризм басқармасы құрылды. Бүгінде басқарма кәсіпкерлермен тұрақты жұмыс істеп, туристермен кері байланыс орнатып келеді. Бұл өзекті мәселелерді нақты білуге және оларды жедел шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Облыстың жер көлемінің ауқымын, көлік жолдарының ұзақтығын ескерсек, Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлар құрылысын аяқтау маңызды қадам болмақ. Шалғайдағы және шекара шебіндегі аудандармен тікелей әуе қатынасының ашылуы олардың туристік әрі инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады.
Жүйелі жұмыс істеу үшін өңірдің туристификация картасы бекітілді. Соған сәйкес туристік әлеуеті жоғары 23 аумақ айқындалып, олар бойынша инфрақұры-лымдық жобалар тізімі жасалып жатыр. Аталған жобаларды іске асыру биылдан кезең-кезеңімен басталады.
Туризм саласында стратегиялық әлеует төрт кластер аясында айқындалды. Атап айтқанда: Катонқарағай ауданындағы уэлнесс-туризм, Марқакөлдегі экотуризм, Риддер қаласындағы тау шаңғысы туризмі, Өскемен қаласы мен оған іргелес Ұлан және Глубокое аудандарындағы демалыс күнгі туризм.
Риддер қаласына жақын маңда жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» туристік кешенін салу жоспарланған. Бұл нысан тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналады. Сонымен қатар Онкология және хирургия орталығы базасында медициналық туризм дамып, ЧЕК-АП қызметтері көрсетіліп жатыр.
Қазір өңірде жалпы сыйымдылығы шамамен 21,7 мың орындық 405 орналастыру нысаны жұмыс істеп тұр. Осы көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан республика көлемінде алдыңғы үштікке кіреді.
Туристер саны жыл сайын өсіп келе жатқандықтан жаңа орналастыру нысандарына деген сұраныс артып отыр. Шығысты көргісі келетін отандық және шетелдік туристердің саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл – біздің халық үшін зор мүмкіндік. Осыған байланысты біз инвесторларды тартуға ерекше назар аударып келеміз. Биыл Өскемен, Риддер қалаларында, Катонқарағай және Самар аудандарында ірі жобаларды іске асыруды бастаймыз.
– Шекаралық аудандарды дамытуға көп көңіл бөліне бастағанын білесіз. Шығыс Қазақстан бірнеше елмен шектеседі. Шекара бойын жағалай қоныстанған ауылдардың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қандай істерді қолға алдыңыздар?
– Шекаралық аумақтарды дамыту – өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Шығыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен шектесетін стратегиялық өңір болғандықтан, шекара маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі біз үшін ерекше маңызды.
Облыстың 13 қала, ауданының жетеуі (Риддер қаласы, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай және Шемонаиха аудандары) шекара маңында орналасқан. Онда 172 мың адам тұрады. Бұл – өңір халқының төрттен бір бөлігі.
Бүгінде шекара бойында орналасқан елді мекендерде тұрақты өмір ырғағы қалыптасқан, тұрғындар ауыл шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысып, әлеуметтік нысандар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дегенмен мұндай ауылдардың өзіндік ерекшеліктері мен мәселелері бар екенін де жасырмаймыз.
Осыған байланысты шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр: жолдарды жөндеу, ауызсу және электр желілерін жаңғырту, байланыс пен интернет сапасын арттыру мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын жаңарту, мектептер мен медициналық пункттерді жөндеу, кадр тарту түйткілдері де назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауылға!», «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде нақты жобалар іске асырылып жатыр.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, шекара маңындағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және табысын арттыру мақсатында шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, гранттар мен жеңілдетілген несие беру шаралары қолға алынған. Жалпы, біздің басты мақсатымыз – шекарадағы ауылдарды тек сақтап қалу емес, оларды өмір сүруге қолайлы, болашағы бар елді мекендерге айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Өскемен қаласы – ірі өнеркәсіптер орналасқан қала. Кейде түсті металл өңдейтін компанияларға табиғатты бүлдіріп, экологияны бұзып жатыр деген сын айтылып жатады. Өңірдегі экологиялық мәселелер қалай шешіліп жатыр?
– Шығыс Қазақстан – елдегі өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Бірақ ауа сапасына кәсіпорындардан басқа да әсер ететін факторлар бар. Қазір Өскеменде ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін «Қазгидромет» РМК-ға қарасты 10 бақылау бекеті жұмыс істейді. Экологияға қатысты соңғы ақпараттарды тұрғындар AirKZ мобильді қосымшасы және «Қазгидромет» интерактивті картасы арқылы біле алады.
Мониторинг желісін кеңейту мақсатында ауа сапасын бақылауға арналған 25 бағдарламалық-аппараттық кешен сатып алынып, орнатылды. Сонымен қатар Halyk Bank-тің қаржылай қолдауымен заманауи жабдықтармен қамтылған мобильді зертхана алынды. Бұл зертхана қаланың кез келген жеріне барып ауа сапасын өлшеуге мүмкіндік береді.
Облыстағы 10 ірі кәсіпорында зиянды шығарындыларды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату жұмыстары толық аяқталды. Бұл жүйелерді енгізу қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге жағдай жасайды.
Өскемен қаласы әкімдігі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен желсіз күндерде және экологиялық төтенше жағдайларға ден қою бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ өңірде «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы жұмыс істеп тұр. Бұл ұйым облыстағы экологиялық ахуалға қоғамдық бақылау жүргізеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл сайын волонтерлерді тарта отырып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2020-2025 жылдарға арналған қоршаған орта сапасына қатысты жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Өскемен қаласы бойынша жалпы шығарындылар көлемі 158 мың тоннадан асты. Оның ішінде: 132 мыңнан астам автокөліктен шығатын зиянды заттар – жылына 90 мың тоннадан астам немесе 58,9 пайыз; кәсіпорындардан бөлінетін улы газдар – 50,6 мың тонна немесе 32 пайыз; 36 мыңнан астам жер үйдегі пештерден таралатын газдар – жылына 14 100 тонна немесе 10 пайызға жуық.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Өскемен қаласы бойынша орта мерзімге жоспарлар әзірленді. Атап айтар болсақ, 22 және 28 тұрғын аудандарға, Шығыс, Ново-Явленка, Прудхоз ауылдарына және қаланың Сол жағалау бөлігіне қызмет көрсететін үш блокты-модульдік қазандық салу; электромобильдерге арналған қуаттау стансалар желісін кеңейту; кәсіпорындарда ең үздік технологияларды енгізу және қолдану шараларын қамтиды.
Кейінгі бес жылда жүзеге асырылған шаралар Өскемен қаласындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін 9 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Қаладағы өнеркәсіптік кәсіпорындар санының көптігіне қарамастан, ауаның ластану деңгейі Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
– Өңірге инвестиция тарту – барлық аймақ әкімдіктің негізгі міндетінің бірі. Шығыс Қазақстан бай өлке екені анық. Қазба байлықтан сырт, егін, мал, балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Өңірдің инвестиция тарту индексі жоғары екенін білеміз. Инвесторлар қай салаға көбірек қызығады? Жаңа өндіріс ошақтарын құрып, зауыт-фабрика салғысы келетін инвесторлар бар ма?
– Өңірге инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінде Жалпыұлттық инвестициялық пулға Шығыс Қазақстанның 62 жобасы енгізілген. Оның 18-і пайдалануға берілді, соның ішінде іске қосылған жобалар да бар. Жалпы, инвестиция көлемі 106 млрд теңгеден асады. Барлық жоба іске қосылғаннан кейін үш жыл бойы «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелденеді.
Өңірдің өнеркәсіптік ерекшелігін ескере отырып, негізгі драйверлер ретінде көп қаржы салуды қажет ететін және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар айқындалып отыр.
Қазір инвестициялық пулда өнеркәсіп және тау-кен металлургия кешенінде 15 жоба (жалпы құны 632,6 млрд теңге), агроөнеркәсіптік кешенде 11 жоба (36,7 млрд теңге) бар.
Белгілі бір кәсіпорынның жұмыс істей бастауы – жобаның толыққанды жұмыс істей бастағанын білдірмейді. Өңір үшін басты нәтиже – нақты өнім шығару, тұрақты жұмыс орындарын ашу және бюджетке салық түсімдерінің түсуі.
Қазір 44 жобаға шетелдік капитал құйылып, алғашқы жұмыс сатысына кірісіп кетті. Олардың ішінде жалпы құны 242,3 млрд теңгені құрайтын төрт жоба бар, бұл жобалардағы шетелдік инвестиция үлесі – 127,3 млрд теңге немесе 52 пайыз.
Атап айтар болсақ, Германия инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылатын «Алатау Литий» ЖШС-нің литий өндіру және өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатының құрылысы; Қытай инвестициясы есебінен «Алтай Темір» ЖШС-нің Тишинск су қоймасын тазалау жобасы; Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын салу; Самар ауданындағы «Кузьмич» ЖШС-нің балық өсіру кешенін кеңейту жобасы және басқа да бастамалар.
Биыл инвестициялық портфельді 71 жобаға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Шығыс Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы әрі тартымды өңірге айналуы үшін жүйелі жұмысты жалғастыратын боламыз.
– Шығыс Қазақстан – ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Әсіресе, дәнді дақылдарды егуге аса қолайлы. Егіннен алған өнімді шетелге экспорттау маңызды екені анық. Бірақ фермерлер өз өнімдерін экспорттаудың қиындығын айтып жатады. Астық өнімдерін өңір диқаншылары қай елдерге экспорттайды? Ауыл шаруашылығының өнімін арттыру, жаңа сортты өнімдер шығару жағы көңіл көншітерліктей ме?
– Шығыс Қазақстан облысы бойынша өткен жылдың 11 айында 316,2 млн АҚШ доллары сомасына жалпы көлемі 776,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ, Иран, Түркия, Қытай және Еуропалық одақ – біздің тұрақты нарық алаңымыз.
Өңірде бидай және меслин, арпа, зығыр тұқымы, күнбағыс және басқа дақылдарды егіп, мол өнім алып отырған фермерлер көп. Сондай-ақ мұздатылған балық пен құс етін, қайта өңдеу өнімдерінен өсімдік майы, ұн, шұжық пен сүт өнімдері, күнжара секілді дайын өнімдерді де экспорттап келеміз.
2025 жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдары 616,9 мың гектар алқапта жиналды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Мемлекет басшысының монодақылдар егісін қысқарту және жоғары рентабельді дақылдардың үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс бойынша дәнді дақылдардың егіс алқабы 15 мың гектарға қысқартылып, майлы дақылдардың егіс көлемі 38 мың гектарға ұлғайтылды.
Жедел деректерге сәйкес, дәнді дақылдар 235,7 мың гектар алқаптан жиналды. Орташа өнімділік гектарына 22,4 центнер деңгейінде қалыптасып, нәтижесінде 528,2 мың тонна астық бастырылды. Бидай өнімі 348,1 мың тоннаны құрады.
Майлы дақылдар 259,5 мың гектар алқапта жиналды. Орташа өнімділік – гектарына 20,7 центнер. Жалпы, түсім 537,1 мың тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 27%-ке артты. Өнімділігі жоғары дақылдарды өсіру арқылы егін шаруашылығын әртараптандыру өңдеуші кәсіпорындардың дамуына серпін беріп келеді.
Өсімдік майын өндіру бойынша Қазақстанда алдыңғы лектеміз. Бүгінде өңірде жылына шамамен 1 млн тонна шикізатты өңдеу қуатына ие 13 май өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, облыстың үлесіне елдегі өсімдік майы өндірісінің 40%-тен астамы тиесілі. Біз күнбағыс майын өндіру бойынша республикада тұрақты түрде екінші орынды сақтап, саланың негізгі орталықтарының бірі ретіндегі мәртебемізді нықтай түсудеміз.
Сондай-ақ елдегі 61 пайыз балды біздің өлке өндіреді. Бал жинауда мемлекет бойынша бірінші орындамыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2023-2025 жылдары бал өндіру және өңдеу саласында 11 жоба іске асырылды. Ал Марал пантысын өндіруде республикада екінші орындамыз. Аймақта 22 марал шаруашылығы жұмыс істейді, оларда 6,6 мың бас марал өсірілуде. Оның ішіндегі 13 шаруашылық өндірісті туристік және емдік-сауықтыру қызметтерімен табысты үйлестіріп отыр.
– Өңірдегі шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші туралы айтпай кетсек болмас. Мемлекеттің қолдауын оңды пайдаланып, істерін ілгері бастырған кәсіпкерлер – ел экономикасының тірегі. Өңір кәсіпкерлерінің жағдайы қалай? Жергілікті биліктен оларға қандай қолдау көрсетіледі?
– Шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашып, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырып, халықтың басым бөлігінің экономикалық белсенділігін қолдауға мүмкіндік береді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы өңірде 62 523 ШОБ субъектісі жұмыс істеді. Облыстағы кәсіпкерлік сектордың басым бөлігі жеке кәсіпкерлерге (71,6 пайыз), одан кейін шағын және орта бизнестің заңды тұлғаларына (15,6 пайыз), содан соң шаруа қожалықтарына (12,8 пайыз) тиесілі.
Мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы шағын кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштерінің серпінді өсімін көрсетіп отыр. Мәселен, былтырғы шағын және орта бизнестің салық аударымдарының көлемі – 244,2 млрд теңге болды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47,8 пайызға артық. Шағын және орта бизнестің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 566,2 млрд теңгені құрады.
Облыста кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды, қарыздарға кепілдік беруді, гранттар үлестіруді, бизнес инфрақұрылымын дамытуды, кәсіпкерлерге консультациялық және білім беруді сүйемелдеуді қоса алғанда, кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары жүргізіледі. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударылған. Осы бағыттар бойынша 2025 жылы аймақта 1,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 133 кәсіпкерлік субъектісі қаржылай қолдау алды.
Қаржыландырылған жобалар өңдеу өнеркәсібі (30,3 пайыз), көлік және қоймалар (22,5 пайыз), көтерме және бөлшек сауда (15,0 пайыз), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы (13,3 пайыз), қызмет көрсету (10,3 пайыз), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (8,6 пайыз) салаларын қамтыды.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге, олардың іскерлік белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жүргізіліп жатқан жұмыс қолайлы кәсіпкерлік ахуалды қалыптастырып, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға бағытталған. Кәсіп иелерін жан-жақты қолдауды жалғастыра береміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Т.ӨСКЕНБАЙ