Қарқаралыда маралдар жабайы табиғатқа жіберілді

Бүгін, 09:25 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Қарағанды облысындағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында маралдарды қайта жерсіндіру (реинтродукция) бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл бағдарлама 2022–2032 жылдарға жоспарланған.

Жартылай еркін жағдайда өсірілген маралдарды табиғи ортаға бейімдеу жөніндегі жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, оларды табиғи мекендеу ортасына жіберу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осы жоспар аясында жартылай еркін жағдайда болған 4 марал толықтай бостандыққа, яғни жабайы табиғатқа жіберілді.

Маралдар Кент орманшылығында босатылып, олардың табиғи ортаға бейімделуі бақылауға алынды.

Аталған шара жабайы жануарлар санын сақтау және олардың табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру мақсатында өткізілді.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстар күшейіп жатқанын атап өткен болатын. Қазақстанда арқар, құлан және тоғай бұғысы сияқты сирек кездесетін жануарлар санының артқаны байқалады.

Сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанға төрт жолбарыс пен сегіз құланды әкелу жоспарланып отыр.

 

Тэгтер:

Қарқаралы марал жерсіндіру жабайы табиғат