Көп адам өмірінің алғашқы жылдарын неге есіне түсіре алмайды? Жаңа ғылыми деректер бұл естеліктер мүлде жойылып кетпей, «жасырын күйде» сақталуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ирландиядағы Тринити-колледж ғалымдары ми жасушаларында ерте балалық шақтағы естеліктердің қолжетімді болып-болмауын реттейтін тетік барын анықтады. Зерттеу PLOS Biology ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың назарында микроглия болды, бұл жүйке жүйесін қорғайтын, ми иммундық жасушалары. Зерттеу нәтижесі микроглияның қандай естеліктер сақталып, қайсысы санадан «өшірілетінін» басқаруға қабілетті екенін көрсетті. Осы құбылыс ғылымда «балалық шақ амнезиясы» деп аталады.
Зерттеу тобы тәжірибені жас тышқандарға жүргізген. Алғашқы тұрақты естеліктер қалыптасатын кезеңде микроглияның белсенділігін уақытша бәсеңдеткен кезде, тышқандар бастан өткерген қорқынышты жағдайды әлдеқайда жақсы есінде сақтаған. Ал бақылау тобындағы жануарларда мұндай нәтиже байқалмаған. Бұл ұмыту – ақпараттың жай жоғалуы емес, мида арнайы реттелетін белсенді процесс екенін аңғартады.
Ғалымдар естеліктерді сақтауға жауапты энграммаларға, белгілі бір ақпаратпен байланысты нейрондар тобына ерекше назар аударды. Жарық белгілерін қолдана отырып, микроглия белсенділігі төмендеген кезде бұл нейрондық ансамбльдер ұзақ уақыт жұмыс істеп, естеліктердің «қолжетімді» күйде сақталатынын анықтады.
Зерттеу барысында гиппокамп пен миндалиналы денеде де өзгерістер байқалды. Бұл аймақтар оқу, кеңістіктік жады және эмоция, әсіресе қорқыныш сезімімен байланысты. Дәл осы құрылымдарда микроглия жұмысының өзгеруі өткен тәжірибені еске түсіру қабілетіне айқын әсер еткен.
Зерттеу авторлары балалық шақ амнезиясы кездейсоқ құбылыс емес, керісінше, мидың ерте жаста икемді әрі бейімделгіш нейрондық байланыстар құруына көмектесетін эволюциялық механизм болуы мүмкін деп есептейді. Болашақта микроглияның рөлін терең түсіну есте сақтау бұзылыстарын емдеудің жаңа тәсілдеріне жол ашуы ықтимал.