Ғалымдар қатерлі ісікке қарсы иммундық жасушаларды зертханада өсіруді үйренді

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Канада ғалымдары қатерлі ісікті емдеуде маңызды серпіліс жасады. Британдық Колумбия университетінің зерттеушілері алғаш рет дің жасушаларынан Т-хелпер иммундық жасушаларын өсірудің тиімді әдісін тапты. Бұл жаңалық қатерлі ісікке қарсы жасушалық терапияны арзандатып, оны көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері Cell Stem Cell ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір жасушалық терапия ісікпен күресте өте тиімді саналады. Алайда мұндай емдеу әдісі кең қолданысқа ене алмай отыр, себебі әр науқастың иммундық жасушаларын жеке дайындауға бірнеше апта қажет. Бұл процесс қымбат әрі ұзақ.

Иммундық жүйеде қатерлі ісікке қарсы күресте екі негізгі жасуша маңызды рөл атқарады – Т-киллерлер мен Т-хелперлер. Т-киллерлер ісік немесе зақымданған жасушаларды тікелей жояды, ал Т-хелперлер бүкіл иммундық жауапты үйлестіріп, басқа жасушалардың әсерін күшейтеді. Бұған дейін ғалымдар Т-киллерлерді зертханада өсіруді меңгергенімен, Т-хелперлерді сенімді түрде алу мүмкін болмаған.

Зерттеу барысында ғалымдар иммундық жасушалардың қалыптасуында Notch деп аталатын даму сигналы шешуші рөл атқаратынын анықтады. Осы сигналды жасушаның ерте даму кезеңінде дұрыс баптап, оның әсер ету уақытын дәл реттеу арқылы Т-киллерлерді де, Т-хелперлерді де алуға болатыны дәлелденді. Зертханада өсірілген жасушалар толық жетіліп, табиғи иммундық жасушалар сияқты жұмыс істеген.

Ғалымдардың айтуынша, дің жасушаларынан әртүрлі иммундық жасушаларды жаппай өндіру мүмкіндігі қатерлі ісікке қарсы терапияның тиімділігін арттырып қана қоймай, оны көп адамға қолжетімді етеді. Бұл болашақта стандартты, арзан әрі кең көлемде қолданылатын емдеу тәсілдерінің жолын ашуы мүмкін.

Тэгтер:

қатерлі ісік емдеу