Ұлттық құрылтай мемлекеттің ұзақ мерзімді даму философиясын нақтылады – Бибігүл Жексенбай

Бүгін, 14:55 / Інжу Әлихан
facebook/ Bibigul Zhexenbay

Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көтерілген негізгі мәселелерді түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол Қызылордадағы басқосу Ұлттық құрылтайдың миссиясын қорытындылап, оның мәңгілік міндетін айқындағанын айтты.

«Бұл жолғы Құрылтай өткен кезеңнің нәтижесін таразылап қана қойған жоқ, мемлекеттің ұзақ мерзімді ДАМУ философиясын нақтылады. Құрылтай тарихи жадыны жаңғыртатын символдық алаңнан қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік келісімін қалыптастыратын тұрақты институт деңгейіне көтерілді десек артық айтқандық болмас. Мұнда басты сұрақ «не істедік?» дегеннен гөрі, «алдағы онжылдықтарда қандай мемлекет болуымыз керек?» деген стратегиялық пайымға ойысты.

Қызылордада Ұлттық Құрылтайдың уақытша саяси науқан емес, ұлттың тарихи санасын, құқықтық мәдениетін және институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ететін мәңгілік міндеті айқындалды. Бұл – қоғамның үнін билік шешіміне айналдыру, реформалардың сабақтастығын сақтау және мемлекетті әділет, заң мен жауапкершілік қағидаттары.

Ашығын айтқанда, Мемлекеттің шынайы қуаты жер көлемімен де, әскер саны­мен де, экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Ол – қоғамның өз өткеніне үңіле алу қабілетімен, бүгінгі күрделі шешімдерді қабылдай білуімен және ертеңге байыппен қарай алуымен өлшенеді. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстандағы Ұлттық Құрылтай – естелік үшін емес, ертеңгі күн алдындағы жауапкершілікке қызмет ететін институт екенін көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл миссияны о бастан дәл айқындаған-ды:

«Ұлттық құрылтай – бұл ел дамуына қажетті нақты шешімдер қабылданатын мазмұнды диалог алаңы».

Бұл – жай ғана анықтама емес. Бұл – ұстаным. Құрылтай – ұран айтатын мінбер де, өткенді безендіріп көрсететін сахна да емес. Бұл – тарихты даму ресурсына айналдырып, қоғамдық диалогты басқару құралына айналдыратын кеңістік", - деді ол. 

Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының Қызылордада өтуі құрмет көрсету үшін жасалған ишара емес, терең мағынасы бар стратегиялық таңдау екеніне тоқталды.

«Қызылорда: тарих өткен шақ болудан қалған мекен.

Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысының Қызылордада өтуі – құрмет көрсету үшін жасалған ишара емес, терең мағынасы бар стратегиялық таңдау. Президенттің:

«Сыр – Алаштың анасы» деуі – өткенге жасалған тағзым ғана емес. Бұл – мемлекеттілік бір сәтте пайда болмайтынын, оның үздіксіз процесс екенін еске салу.

Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент – жай археологиялық атаулар емес. Бұлар – қазақ жерінің ежелден қала салғанын, басқару мәдениетін қалыптастырғанын, өркениеттік тәжірибесі болғанын дәлелдейтін белгілер. Ал бір ғасыр бұрынғы астана болған Қызылорда – көне өркениет пен қазіргі мемлекетті жалғап тұрған көпір.

Президенттің мына сөзі – осы ойдың түйіні:

«Бүгінгі ұрпақ тарихи мұраны ел болашағы алдындағы жауапкершілікпен ұштастыруы тиіс».

Құрылтай – реформаның айнасы емес, қозғалтқышы.

Тарих бағыт берсе, реформалар жылдамдықты анықтайды. Ұлттық Құрылтай бұл тұрғыда өз мүмкіндігін дәлелдеді.

«Құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды», – деді Президент.

Бұл – жай статистика емес. Бұл – мемлекеттің жаңа ойлау жүйесі. Енді шешімдер жоғарыдан түспейді, қоғаммен бірге пісіп-жетіледі. Әйелдер мен балаларды қорғау, зиянды әдеттермен күрес, еңбекке құрмет, ономастика, «Адал азамат» құндылықтары – мұның бәрі жаңа сападағы ұлтты қалыптастырудың элементтері.

2009 шы  Қазақстанға сапары кезінде өзім сұқбат алған Израильді жеті жыл тиімді басқарып, әлемдік деңгейдегі мықты саясаткерлер санатында болған Шимон Перестің: «Болашақ – қорқынышқа емес, үмітке инвестиция салғандарға тиесілі» деген сөзі бар. Қазақстан жағдайында Құрылтай дәл сондай инвестицияға айналды – сенімге, қатысуға, ортақ жауапкершілікке

«Өңірлердің дамуы: болашақ астанадан емес, ауылдан басталады.

Президенттің Қызылорда облысына ерекше назар аударуы бір ақиқатты аңғартады: мемлекет болашағы адамдар өмір сүріп жатқан жерден басталады. Экономика, инвестиция, инфрақұрылым, энергетика, әлеуметтік нысандар – есеп үшін емес, адам қадірі үшін қажет.

Президенттің адамдарға назар аударуы да мәнді:

«Тазалық пен тәртіп – тек орталықта емес, ауылдарда да көрініс табуда».

Бұл – болашақ қазақстандықтың бейнесі: өз ауласынан бастап мемлекетке жауапкершілікпен қарайтын азамат.

Арал, су және жауапкершіліктің жаңа философиясы деуге болады.

Сондықтан да Президент сөзінде Арал мәселесі ғаламдық моральдық сынақ ретінде көтерілді.

«Су – Қазақстан үшін стратегиялық ресурс» деді Президент. Яғни Солтүстік Аралды сақтау, Көкарал бөгеті, су дипломатиясы, халықаралық су ұйымын құру бастамасы – мұның бәрі жаңа ойлау жүйесін көрсетеді. Экология – енді тек табиғат мәселесі емес, болашақ геосаясаттың өзегі. Ғылымсыз, ынтымақтастықсыз, ұзақ мерзімді жоспарсыз тұрақты даму болмайтыны ашық айтылды.

Экономикалық өсім, резервтердің артуы, шағын және орта бизнестің дамуы, демография – маңызды көрсеткіштер. Бірақ Президент одан да тереңге барды:«Қоғам өзгерді. Сананың үлкен бетбұрысы басталуы керек».

Бұл тұрғыда мәдениет пен өнер қосалқы сала емес, сана сәулетшісі. Театрлар, музейлер, кітапханалар, цифрлық архивтер, кино мен креативті индустриялар – жаһандық ойлайтын, бірақ тамырынан ажырамаған ұрпақты қалыптастырады.

Патриотизм – күнделікті таңдау.Президенттің басты формулаларының бірі:

«Патриотизм – бұл ұран емес, нақты іс». Бұл – түбегейлі жаңа түсінік. Патриот – айқайлайтын адам емес, заңды сақтайтын, еңбекті құрметтейтін, зорлық-зомбылықты қабылдамайтын, жеке жауапкершілікті сезінетін азамат. «Дәстүр» деген желеумен жасалатын қылмыстарға қатаң ұстаным – моральдық шекараны айқындады: «Заң бәріне ортақ».

Сенатор тарихи құрылтай тағдырлы шешімдер қабылданатын, жауапкершілік ортақ болатын кеңістік болғанын атап, осы қағиданы қазіргі саяси жүйеге енгізуді формалды мандаттан саналы жауапкершілікке көшу деп санайды», - деді Сенатор.

Ол тарихи құрылтай тағдырлы шешімдер қабылданатын, жауапкершілік ортақ болатын кеңістік болғанын атап, осы қағиданы қазіргі саяси жүйеге енгізуді формалды мандаттан саналы жауапкершілікке көшу деп санайды.

Парламенттік реформа: өкілдіктен жауапкершілікке бетбұрыс.

Президент болашақ туралы сөз қозғағанда бір ойға қайта-қайта оралады: институттар тұлғадан маңызды, ереже ұраннан биік. Осы тұрғыда парламенттік реформа ерекше мәнге ие. «Бұл реформалар жабық кабинетте емес, қоғаммен бірге пісіп-жетілді», – деді Мемлекет басшысы.

Қоғамдық талқылау, сарапшылар пікірі, цифрлық платформалар, өңірлердегі кездесулер – мұның бәрі саналы институционалдық таңдау жасалғанын көрсетті. Әңгіме «өзгерту керек пе?» деген сұрақтан гөрі, «қандай Парламент керек?» деген жетілген деңгейге өтті. Құрылтай деп атау ұсынысы – символдық қадам емес, мазмұндық шешім.

«Мақсат – кәсіби, тиімді және жауапты өкілді орган қалыптастыру».

Тарихи Құрылтай – тағдырлы шешімдер қабылданатын, жауапкершілік ортақ болатын кеңістік еді. Осы қағиданы қазіргі саяси жүйеге енгізу – формалды мандаттан саналы жауапкершілікке көшу.

Жаңа Құрылтай – архаика емес. Бұл – демократиялық өкілдікті ұлттық мәдени кодпен үйлестіруге жасалған талпыныс деп ойлаймын.

Құрылтай – өкілді биліктің өзегі болса, Халық кеңесі – қоғамдық мағынаның үні. Президент сөзімен айтсақ, «Реформалар қоғамның сұранысын үнемі ескеріп отыруы тиіс». Халық кеңесі Парламенттің орнын баспайды, бірақ оны қоғаммен байланыстырады. Заң бастамасы құқығының берілуі – қоғамның пікірін нақты саяси шешімге айналдырудың жаңа деңгейі», - деді ол.

Сенатордың пікірінше, Құрылтай, Халық кеңесі, жаңартылған конституциялық тетіктер тұрақтылық архитектурасын қалыптастырады.

Болашақтың сәулеті: эмоция емес, тұрақты институт.

«Құрылтай, Халық кеңесі, жаңартылған конституциялық тетіктер – барлығы тұрақтылық архитектурасын қалыптастырады.

«Реформалар – үздіксіз процесс».

Бұл – төңкерістен емес, эволюциядан үміт күту. Әлсіз институттар мен қызған эмоциялардан күйреген әлемде Қазақстан ұзақ қашықтыққа есептелген салқын ақылды таңдайды.

Болашақ Қазақстанның бейнесі қандай десек, Ұлттық Құрылтайда жарияланған реформалар логикасында мынадай келбет айқындалады:

Ұлттық Құрылтай мен Халық кеңесі – осы жүйеде өткен, бүгін және болашақ арасындағы ұрпақтар диалогының механизмі.

Бәлкім, Президент ишара еткен реформалардың ең терең мәні де осында болар: болашақтан қорқып емес, оған сеніп шешім қабылдайтын ел құру», - деді ол.

Тэгтер:

Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтай