СҚО-да полицей -30 градус аязда тұрғынды өлімнен аман алып қалды

Бүгін, 12:23 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция инспекторы қатты аяздан ауыр халде қалған ауыл тұрғынына уақтылы көмек көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 14 қаңтар күні шамамен сағат 01:00-де Жамыбл облысында болған. Учаскелік полиция инспекторы Бекзат Қайсаев қызмет көрсететін аумағын аралап болғаннан кейін үйіне қайтып келе жатқан кезде ауыл тұрғындарының бірі қоңырау шалып, ағасының жоғалғанын хабарлаған.

Жоғалған азамат – жұмыс істейтін, есепте тұрмайтын, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланбайтын адам. Қонақтан сәл масаң күйде шығып, үйіне қайтар жолда адасып кеткен.

Ал ол түні ауа температурасы -30 градустан төмен түскен. Бекзат Қайсаев жедел түрде шақыртуға шығып, арызданушымен бірге іздестіру жұмыстарын бастады. Шамамен 30 минуттан кейін полицей елді мекеннің бір қараңғы көшесінен жоғалған азаматты ес-түссіз күйде тапты.

Ер адам үйіне жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді, қолдары жылы суға салынды. Қазір 37 жастағы ауыл тұрғыны медициналық мекемеде. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Полиция қызметкерлері төмен температура жағдайында барынша сақ болуға шақырады.