Шымкенттегі жаппай төбелес: Полиция үш қылмыстық іс қозғады

Бүгін, 12:22 / Алуа Арман
ІІМ

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жолдағы жанжалдан басталып, адам өлімімен аяқталған жаппай төбелеске қатысты жүргізіліп жатқан тергеу туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Аталған факті бойынша үш қылмыстық іс қозғалды: адам өлтіруге оқталу және адам өлтіру, адам ұрлау, сондай-ақ қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық. Қазіргі таңда бірнеше күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар бұл қылмыстың күндізгі уақытта жасалу себептері мен жағдайларын, сондай-ақ полицияның кешенді күштерінің жұмысын тексеру үшін орталық аппараттың – криминалдық полиция, тергеу департаменті және өзіндік қауіпсіздік департаменті басшылары Шымкент қаласына жіберілді. Олар қызметтік тексеру жүргізеді, – деді Әділов Сенатта өткен брифингте.

Оның айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша әлі де ұсталмаған бірнеше фигурант бар. Полиция оларды анықтау және ұстау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Еске сала кетейік, оқиға 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.

Алдын-ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бағдаршамда тұрған Hyundai Sonata автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы жанжалға ұласып, қақтығысқа ұласқан. Toyota Camry көлігінен үш ер адам, ал Hyundai Sonata-дан жүргізуші мен екі жолаушы түскен. Бірнеше минуттан кейін жанжалға Lexus LX-570 көлігі келіп, одан тағы төрт адам шыққан – болжам бойынша, олар Toyota Camry жағындағы адамдарға көмекке келген.

Төбелес салдарынан қатысушылардың бірі көптеген пышақ жарақаттарымен №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.

Екінші жәбірленуші – 40 жастағы Василий Колесников – алдын ала мәліметтерге сәйкес, күштеп қала сыртына әкетілген. Көше бейнебақылау камераларының жазбаларына қарағанда, күдіктілер ер адамды ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталық аудандық ауруханасының маңына қалдырған. Болжам бойынша ол сол сәтте қайтыс болған немесе өлім аузында болған.

Тэгтер:

Шымкент төбелес