Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар жандарға арналған «Қуат» инклюзивті спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ спорт қауымдастығының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен спортшылар қатысты.
Жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынды.
Кешеннің жалпы аумағы 4 855 шаршы метр. Ашық алаңдардағы жаттығуларды қоса есептегенде, күніне 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда халықаралық стандарттарға сай толық қолжетімді орта қалыптастырылған. Кешенде жүзу бассейні, әмбебап спорт залы, күрес залы, жаттығу жабдықтары бар бөлмелер, үстел теннисі залы және ашық спорт алаңдары бар. Көрермендерге арналған 200 орын қарастырылған.
Кешен базасында спорттың 20-дан астам түрі дамытылады.
Паралимпиадалық бағыттар қатарында жеңіл атлетика, жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, оқ ату, арбадағы теннис, голбол, бочча, паратаэквондо бар.
Сурдлимпиадалық спорт түрлеріне футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және басқа да бағыттар енген. Сонымен қатар паралимпиадалық емес спорт түрлері – тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг те қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңге. Бас мердігер – «Интерстиль» ЖШС. Ал Samruk Kazyna АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорыдемеушілік танытты. Кешенде 106 жұмыс орны ашылды.