Нұрайдың өлімі: Шымкент полицейлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 11:08 / Алуа Арман
Ғаламтор

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

Қылмыстық іс Президент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдіргеннен кейін келесі күні қозғалған.

Әділовтің айтуынша, іс жәбірленуші арызданған кезде өтінішті тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты тергеліп жатыр.

«Аталған факті бойынша салғырттық белгілерімен қылмыстық іс қозғадық. Оны тиісті шара қабылдамаған, қылмыстық істі тіркеу және тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде әрекет жасамаған қызметкерлерге қатысты ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр. (...) Бұл лауазымды тұлғалар теріс негіздер бойынша қызметтен босатылды. Олар жәбірленушінің арызын қабылдамай, істі номенклатуралық тәртіппен есептен шығарған», – деді Санжар Әділов.

Санжар Әділовтің сөзінше, ең алдымен жауапкершілік аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына жүктеледі. Сондай-ақ тергеу аясында қала полиция департаментінің басшылығына да құқықтық баға берілетін болады.

Тэгтер:

Шымкент полицей қылмыстық іс Нұрай Серікбай