Әлеуметтік желіде Қаскелеңдегі Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте 9-сынып оқушысының сабақ үстінде қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы облысының білім басқармасы ақпаратқа түсініктеме беріп, оқиғаның мән-жайын айтты.
«Өкінішке қарай, бүгін таңертең бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 9 “Г” сыныбының оқушысының жағдайы күрт нашарлады. Мектеп әкімшілігі дереу жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды», – делінген хабарламада.
Оқушының денсаулық жағдайына байланысты шағымдары бірге тұратын әкесіне хабарланған.
«Жасөспірімнің анасы бөлек тұрады. Осы мектепте баланың нағашы әжесі жұмыс істейді. География пәнінен сабақ береді. Оқиға кезінде әжесі баланың қасында болған. Жедел жәрдем бригадасы көрсеткен реанимациялық және медициналық шараларға қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Ол оқиға орнында қайтыс болды», – деп мәлімдеді басқарма.
Биылғы 26 ақпанда жасөспірім 16 жасқа толар еді. Қазіргі уақытта тексеру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі», – деді білім басқармасы.
Сондай-ақ жедел жәрдем келген сәтте мектепте құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім бөлімінің мамандары және психологтар болған.