Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов әлеуметтік желіде әнші Yenlik орындайтын BIPL әніне қатысты айтқан сынынан кейін туған пікірталасқа жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақын Threads желісіндегі парақшасында тараған талқылауларға түсініктеме беріп, бастапқыда қойылған сұрақтың әннің мазмұнына ғана қатысты болғанын атап өтті.
Оның айтуынша, пікір жазғандардың бір бөлігі әнді түсінгенін немесе түсінбегенін байыппен жеткізген.
«Жарықтық Threads парақшам бір аунап түсіпті ғой. Ал, талаңдар мені, қазір жауап беремін.
Біріншіден, “Бұл қай ән? Кім не түсінді?” деген сұрақ қойылды. Оған “Бұл — Еңліктің әні, мағынасы осындай” немесе “Дым түсінбедім” деп сауатты, салқынқанды жауап бергендер бар. Негізгі шаруа сонымен бітті», — деп жазды ол.
Сонымен қатар Жандарбек Бұлғақов өзіне тағылған «қыз баланы сынады» деген айыптаулармен келіспейтінін білдірді. Ақын пікірінде өнерпаздың жеке тұлғасына емес, тек шығарма тақырыбына назар аударылғанын айтты.
«Өнерпаздың жынысы, сыр-сымбаты, тұлғасы мен әншілігі туралы бір ауыз сөз айтылған ба? Тақырып мәтін емес пе?» — деп түйіндеді айтыскер.
Желі қолданушылары ақынның бұл жауабына қатысты да түрлі пікір білдіріп, талқылау жалғасуда.