Нұркентте анасынан таяқ жеген екі баланы Талдықорғанға жеткізілді

Бүгін, 17:23 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Жетісу облысы Нұркент кентінде балалардың бірін ұрып-соқты деген күдікпен ұсталған әйелдің екі баласы да Талдықорғанға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Екі және төрт жастағы екі ұл бала облыс орталығындағы балалар мекемесіне орналастырылған. Бұл туралы Жетісу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Егінбаев хабарлады.

«Балалар қазір Талдықорғанда, қауіпсіз жерде. Оларға қажетті күтім мен барлық жағдай жасалған: ойыншықтар, тамақ бар. Бүгін мен барып, екі баламен де кездестім. Өздерін жақсы сезінеді. Оларға тәрбиешілер мен дәрігерлер, соның ішінде логопед пен психолог қарап жатыр. Олардың алдағы тағдыры жөніндегі мәселе шешіліп жатыр және бақылауда. Біз өз тарапымыздан бұл іске тікелей қатысып, жағдайды қатаң бақылап отырмыз», — деп мәлімдеді балалар омбудсмені.

Еске сала кетейік, төрт жастағы баланы ұрып-соғу оқиғасы Жетісу облысы Панфилов ауданы Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сәбиге жасалған қорлық сәті видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда кең резонанс тудырды.

Кейінірек полиция күдіктіні ұстап, аталған факті бойынша тергеу бастады.

 

Тэгтер:

Жетісу облысы ұрып соғу Нұркент