Мәжіліс 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түзету «Кеген-автожолдық» (Қазақстан Республикасы) – «Қарқара-автожолдық» (Қырғыз Республикасы) өткізу пунктінің жұмыс режимін «тәуліктің жарық уақытынан» «тәулік бойына» өзгертуді көздейді. Бұл шешім Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, тауар айналымын арттыруға, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді.
Қырғызстанмен шекарада 12 өткізу бекеті бар, оның 8-і көпжақты («Кеген», «Қарасу», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Айша-бибі», «Сартөбе», «Аухатты», «Чалдовар») және төртеуі екіжақты (Ақсу, Бесағаш, Алатау, Жайыл). Қырғыз Республикасымен шекара халықаралық құқыққа сәйкес толығымен бекітілген.