Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін болған төбелес салдарынан бір адам көз жұмды. Бұзақылық және адам өлімі фактілері бойынша іздеуде болған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шымкент қалалық ПД мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, ұсталды.
"Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт бойынша "адам өлтіру", "бұзақылық" және "адам ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында полиция департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласып, бір адам қаза тапқаны, кейіннен бір топ жігіт мәйітті аурухананың жанына тастап кеткені және жараланған тағы бір адам ауыр халде жатқаны хабарланған болатын.