Ақтауда құбырдың жарылуы салдарынан бала күйік алып, кейін I топтағы мүгедек болып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап
Туыстарының айтуынша, оқиға 2025 жылғы 4 наурызда Ақтаудың 15-шағынауданында болған. Сол күні қар жауған. Мектептен қайтып келе жатқан Мирхат тайып кетіп, ыстық суға толы шұңқырға құлап, беліне дейін күйік алған.
Бала Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, ұзақ уақыт ем қабылдаған. Кейін Алматыдағы күйік орталығына ауыстырылды. Оған үш операция жасалды: денесінің жоғарғы бөлігінен алынған тері аяқтарына көшіріліп салынған. Емдеу барысында бірнеше рет наркоз алғаны оның денсаулығына кері әсерін тигізген.
Нәтижесінде, екі айдан кейін Мирхатқа мүгедектік рәсімделіп, шамамен бір жыл бойы төсекке таңылып жатты. Оқуы үйден ұйымдастырылды.
Қазір Мирхат тек пәтер ішінде ғана қозғала алады. Аяқтары салмақты көтере алмайды.
Жаңа жыл қарсаңында отбасы баланы қуантпақ болып, теңіз жағасына күннің батуы мен отшашуды көруге алып шыққан. Алайда бір сағат өтпей жатып-ақ Мирхат аяғымен тұра да, тіпті отыра да алмай қалған.
«Мұны ата-аналар сақ болсын деп айтып отырмын. Бұрын баламыз тірі, бақытты еді, ал қазір I топтағы мүгедек. Тек физикалық емес, психологиялық денсаулығы да шайқалды — немерем ашушаң болып кетті, жиі күйгелектенеді. Ол мектепке барып, құрдастарымен ойнауы керек еді, бірақ үйде отыруға мәжбүр», — деді баланың әжесі Ақкумис Жұбан.
Оның айтуынша, КЖСА тарапынан 1,5 млн теңге бөлініп, бұл қаражатқа Алматыға жол жүру билеттері алынған.
КЖСА жағдайға қатысты түсініктеме берді. Коммуналдық кәсіпорын өкілі Манас Айтжановтың айтуынша, компания тарапынан қазба жұмыстары жүргізілмеген — жерді су шайып кеткен.
Құбырдың жарылғаны туралы хабар «Каспий жылу, су арнасы» МКК-не 15-шағынаудандағы үйлерге қызмет көрсететін жергілікті компаниядан сағат 19:45-те түскен. Апатты жою үшін бригада дереу оқиға орнына аттанған.
«Құбыр жарылып, жер жұмсарып, шұңқыр пайда болғаны анықталды. Өздеріңіз білесіздер, құбырлар әбден тозған, қаладағы көптеген аумақтың жағдайы осындай. Оқиға кешкі уақытта болды, учаске жарықтандырылмаған, сондықтан бала сол жерге құлап кеткен. КЖСА ешқандай қазба жұмыстарын жүргізген жоқ. Мамандар 10–12 минут ішінде жетіп, сол түні-ақ жөндеу жұмыстарын бастады. Жарылыс жойылды. Апаттық бригада келген сәтте бала ауруханада болған. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін орындарда біз міндетті түрде қоршаулар мен ескерту таспаларын орнатамыз. Егер жұмыстар автожолда жүргізілсе, қосымша жол белгілері қойылады», — деді Манас Айтжанов.
Ол сондай-ақ жәбірленуші отбасыға 3 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілгенін, дәрі-дәрмек сатып алуға да жәрдем берілгенін атап өтті.
Қолайсыз жағдайлардың сәйкестігі, құбыр жарылғаны туралы хабардың кеш түсуі және шағынаудан ішіндегі жарықтың нашарлығы — осы факторлардың бірі немесе барлығы бірге қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Ата-анасы билік өкілдері баланың денсаулығына келтірілген ауыр зиян үшін, оның ішінде материалдық тұрғыда да жауап беруі тиіс деп есептейді. Алда әлі ұзақ емдеу мен оңалту кезеңі бар, оған қомақты қаражат қажет болады.