Үндістанның Керала штатында маймыл шешегінің жаңа, аса жұқпалы штамы тіркелді. Жаңа түрі тез таралу қабілетімен ерекшеленеді. Бұл туралы Navbharat Times басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында әлемнің әртүрлі елдерінде маймыл шешегін жұқтырудың 30 мыңнан астам жағдайы анықталған. Ауру салдарынан 119 адам көз жұмған.
Маймыл шешегі – вирус арқылы тарайтын инфекциялық ауру. Ол әсіресе иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін қауіпті. Ауру әдетте дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен басталады. Кейін теріде бөртпе пайда болып, ол дақ, көпіршік, жара, қабық және тыртық кезеңдерінен өтеді. Жеңіл жағдайда ауру бірнеше апта ішінде өздігінен жазылады.
Дәрігерлер жұқпалы аурудың жаңа штаммына байланысты сақтық шараларын күшейтіп, алғашқы белгілер байқалған жағдайда медициналық көмекке жедел жүгінуге кеңес береді.