Маңғыстау аспанында ерекше құбылыс байқалды

20 қаңтар, 2026 / Өтей Торғайұлы

Маңғыстау облысында кешкі уақытта аспанның қызыл түске боялуы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әлеуметтік желілерде Үштаған және Таушық ауылдарының маңында түсірілген фото-видеолар жедел тарап, көпшілік бұл көріністі сирек кездесетін табиғи құбылыс ретінде талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың түсіндіруінше, аспандағы мұндай қызыл шапақ қызыл полярлық шұғыламен (аврора) байланысты болуы ықтимал. Бұл құбылыс Күн белсенділігі күшейген кезде пайда болады: Күн желінен келген зарядталған бөлшектер Жердің магнит өрісімен әрекеттесіп, атмосфераның жоғарғы қабаттарында (шамамен 200–400 км биіктікте) оттек атомдарын қоздырады. Нәтижесінде оттек қызыл сәуле шығарып, аспанда біркелкі жайылған қызғылт-қызыл «жарық» түрінде көрінеді. Жасыл шұғыладан айырмашылығы — қызыл аврора көбіне айқын жолақ емес, тұтас әрі шашыраңқы жарқыл болып байқалады және кей жағдайда полярлық аймақтардан алыс өңірлерде де көрінуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Жердің қуатты магниттік дауылдың ықпалына түскені хабарланған. Осындай кезеңдерде полярлық шұғыла әдеттегіден оңтүстікке қарай ығысып, сирек аймақтарда да байқалуы ықтимал. Осы себепті Маңғыстау аспанындағы қызыл реңкті шапақ та геомагниттік белсенділікпен тұспа-тұс келіп отыр деген болжам бар.

Тұрғындар табиғаттың тосын сыйын камераға түсіріп, желіде бөлісуді жалғастыруда. Мамандар мұндай көріністі анық байқау үшін аспанның ашық болуы және жарық ластануы аз аймақ қолайлы екенін еске салады.

Тэгтер:

Маңғыстау шапақ шұғыла