Чемпиондар лигасы: "Қайрат" өз алаңындағы соңғы ойында "Брюггеден" жеңілді

Бүгін, 22:11 / Өтей Торғайұлы
Фото: Sports.kz.

 «Астана Аренада» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші тур матчы өтті. Бұл ойында «Қайрат» бельгиялық «Брюггені» қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Брюгге» бірінші таймда-ақ 2:0 есебімен алға шықты. 32-минутта Александар Станкович көзге түссе, 38-минутта Ханс Ванакен гол соқты. Қарсылас команда мұнымен тоқталып қалған жоқ. 74 минутта Ромео Верман гол соқса, он минуттан соң Брэндон Мехеле есепті 4:0-ге жеткізді. "Қайрат" командасы ойынның 91 минутында ғана бір гол соқты. Әділет Садыбековтың шірене тепкен добы қарсылас команданың қақпашысын қапы қалдырды. Есеп – 4:1.

Бұл ойын биылғы Чемпиондар лигасындағы "Қайраттың" өз алаңында өткізген ең соңғы ойыны болатын. Ендігі ойынның бәрі сырт алаңда өтеді.

Айта кетейік, бетпе-бет кездесудің алдында «Қайраттың» бір ұпайы, ал «Брюггенің» төрт ұпайы болған. Қазақстандық клуб жалғыз ұпайын Кипрдің «Пафосымен» өткен матчта (0:0) еншілеген. Сонымен қатар Рафаэль Уразбахтиннің командасы бес рет жеңілді. Атап айтқанда, Португалияның «Спортингінен» (1:4), Испанияның «Реалынан» (0:5), Италияның «Интерінен» (1:2), Данияның «Копенгагенінен» (2:3) және Грекияның «Олимпиакосынан» (0:1) жеңілген.
 

Тэгтер:

Қайрат Брюгге