Шымкентте көз жұмған Нұрайдың ағасы Президентке алғыс айтты

20 қаңтар, 2026 / Өтей Торғайұлы

Шымкентте кісі қолынан қайтыс болған 21 жастағы бойжеткеннің ағасы Сұлтан Серікбай Мемлекет басшысына алғыс білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда қаласында өткен құрылтайда айтқан сөзі себеп болған.

«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», - деген еді Президент құрылтайда.

Қастандықпен қаза тапқан қарындасының қазасына қатысты істің әділ шешім табуына назар аударған Президентке Сұлтан Серікбай ризашылығын әлеуметтік желі арқылы жеткізді.

«Президентімізге мың алғыс! Көп нәрсе айтқым келеді, бірақ дәл қазір емес. Уақыты келе толықтай бүкіл жағдайды айтып беретін боламын. Қазір бізге ең бастысы "сот" процесінің әділ және онлайн форматта өтуі. Сенемін», - деп жазды ол.

Еске салайық, қайғылы оқиға биылғы 11 қаңтарда кешкі уақытта болған.

Тэгтер:

Шымкент Нұрай