Гватемалада бірден үш түрмеде бүлік болып, қылмыстық топтар күштік құрылым қызметкерлеріне шабуыл ұйымдастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қысқа уақыт ішінде сегіз полиция қызметкері қаза тауып, кемінде он адам жарақат алды. Бұл туралы ел билігі демалыс күндері өткен түрме операцияларынан кейін хабарлады.
17 қаңтарда тұтқындар Эскуинтла қаласындағы түрмеде және Гватемала астанасындағы екі мекемеде бүлік шығарды. Олар 45 күзетшіні және бір психологты кепілге алған. Келесі күні полиция шабуылға көшіп, күштік құрылымдар көзден жас ағызатын газ бен бронды техниканы қолданды, барлық кепілге алынғандар босатылды. Президент Бернардо Аревало операция барысында кепілге алынғандардың ешқайсысы қаза таппағанын мәлімдеді.
«Гватемалада біз террористермен де, ұйымдасқан қылмыспен де келіссөз жүргізбейміз», — деді ол.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бүліктер 2000 жылға сотталып, бәсекелес Mara Salvatrucha (MS-13) тобының жетекшілерімен бірге қатаң оқшаулауға ауыстырылған Barrio 18 бандасының басшысы Альдо Дуппидің бұрынғы артықшылықтарын қайтару әрекеті болған.
Аталған екі топты да Гватемала мен АҚШ билігі террористік ұйымдар деп таныған. Шабуылдардан кейін бандалар полицияға қарсы «аңдуды» бастаған. Бұған жауап ретінде президент 30 күндік төтенше жағдай енгізді: қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге әскерилер тартылып, тұрғындарға үйден шықпау ұсынылды.