Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды Президенттің депутаттарды сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшу, вице-президент институтын енгізу және Конституцияны кешенді түрде жаңарту жөніндегі ұсыныстарының мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын күшейтіп, саяси жүйенің сапалы дамуына негіз қалайтынын айтады.
«Бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Мемлекет басшысы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды бастаманы жариялады.
Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру, депутаттарды сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшу, вице-президент институтын енгізу және Конституцияны кешенді түрде жаңарту жөніндегі ұсыныстарды ортаға салды. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын күшейтіп, саяси жүйенің сапалы дамуына негіз қалайды.
Сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өз миссиясын толық атқарып, олардың орнына жылына бір рет жиналатын жаңа кеңесші орган – «Халық кеңесі» құрылатыны айтылды. Бұл алаң қоғам мен билік арасындағы диалогты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Инфрақұрылымдық даму мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыттары бойынша жаңа жол құрылыстары өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп, экономикалық белсенділікті арттыруға серпін береді. Ұлытау облысы үшін бұл жобалардың маңызы айрықша.
Алдағы уақытта осы бастамалардың заңнамалық тұрғыда сапалы іске асуына депутат ретінде өз үлесімді қосу – мен үшін маңызды міндет. Әділетті, тұрақты және даму жолындағы Қазақстан үшін жүйелі жұмыс жалғаса береді», - дейді ол.