«Қыз алып қашу – өрескел, жабайы қылмыс»: Президент кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты пікір білдірді

Бүгін, 13:25 / Дана Ізтілеуова

Президент Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдіріп, құрылтайдың қарауына 130-дан астам өтініш келіп түскенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді.
Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті.
Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.
Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді.
Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.
Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды.
Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – дейді Президент.

Тэгтер:

Президент қыз алып қашу Нұрай Серікбай