Ет жейтін адамдардың өмір жасы ұзақ болады – Қытай ғалымдары

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ұзақ өмір сүруге арналған диеталарда көбіне еттен бас тарту ұсынылады. Алайда жаңа ғылыми зерттеу бұл көзқарасқа күмән келтіріп отыр. Қытайлық ғалымдар етті теңгерімді түрде тұтыну өмір сүру ұзақтығын арттыруы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері The American Journal of Clinical Nutrition журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар Қытайдың орталықтандырылған медициналық деректер базасындағы жасы 80-нен асқан 5 203 адамның мәліметтерін талдаған. Зерттеуге жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті немесе қатерлі ісігі жоқ адамдар ғана енгізілген. Қатысушылардың шамамен 80 пайызы күнделікті рационында ет тұтынған, ал қалғандары негізінен өсімдік тектес тағамдармен шектелген.

Зерттеу барысында тек тамақтану әдеттері ғана емес, қатысушылардың дене салмағы индексі де ескерілген. Нәтижесінде салмағы төмен вегетариандардың 24 пайызы ғана 100 жасқа жетсе, ет тұтынатындар арасында бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызға жеткен. Әсіресе етті күн сайын жейтін адамдарда ұзақ өмір сүру ықтималдығы жоғары болған.

Ғалымдардың айтуынша, бұл әсер еттің ақуызға бай болуымен байланысты. Ақуыздар бұлшық ет пен сүйек тінін сақтауға көмектеседі, ал бұл егде жастағы әрі салмағы жеткіліксіз адамдар үшін аса маңызды. Толықтай өсімдікке негізделген диета, керісінше, сүйектің әлсіреуіне және сыну қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Зерттеу авторлары еттің құрамындағы аминқышқылдар қартаю үдерісіне қатысатын mTOR деп аталатын сигналдық молекулаға әсер ететінін атап өтеді. Бұған дейінгі зерттеулер етті шектеу жүрек ауруларының қаупін азайтатынын көрсеткенімен, оны толықтай алып тастау әрдайым пайдалы бола бермейді.

Мамандар қарт адамдарға еттен бас тартпай, теңгерімді тамақтану қағидатын ұстануға кеңес береді. Рационда тұтас дәнді дақылдар, көкөністер мен жемістер жеткілікті болуға тиіс.

Зерттеушілердің қорытындысына сәйкес, етке негізделген де, вегетариандық диеталар да адамның денсаулық жағдайы мен тағамдық құндылығына байланысты пайдалы немесе зиянды болуы мүмкін. Ең бастысы – шектен шықпай, теңгерімді мәзір қалыптастыру.

Тэгтер:

Қытай Диета ет