"Олар атақ қуған, татуласқым да, араласқым да келмейді" – Дэвид Бекхэмнің ұлы әке-шешесі туралы шындықты айтты

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: Getty Images

Дэвид пен Виктория Бекхэмнің ұлы Бруклин Пелтц Бекхэм ата-анасымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге ниеті жоқ екенін мәлімдеді. 26 жастағы Бруклин бұл туралы алғаш рет ашық айтып, Instagram желісінде отбасындағы жанжалға қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz theguardian.com-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, ата-анасы мен олардың командасы отбасыға қатысты ақпаратты баспасөзде өз мүддесіне сай бұрмалап келген және оның жұбайы Никола Пелтц Бекхэммен қарым-қатынасын «бүлдіруге» тырысқан.

«Мен жылдар бойы үнсіз келдім және бұл мәселелерді жеке қалдыру үшін барымды салдым. Алайда ата-анам мен олардың командасы баспасөзге қайта-қайта ақпарат тарата берді. Сондықтан өзім үшін сөйлеп, жарияланған өтіріктердің бір бөлігін болса да айтуға мәжбүр болдым. Мен отбасыммен татуласқым келмейді. Мені ешкім басқарып отырған жоқ, мен өмірімде алғаш рет өзімді қорғап тұрмын», – деді ол.

Бруклиннің сөзінше, өмір бойы ата-анасы отбасы туралы ақпараттың қалай берілетінін бақылап келген. Әлеуметтік желідегі жасанды жазбалар, «көрсетілімге арналған» отбасылық іс-шаралар мен шынайы емес қарым-қатынастар оның бала кезінен қалыптасқан өмір салты болған.

«Соңғы кезде олардың өз абыройын сақтау үшін медиаға көбіне жазықсыз адамдарға зиян тигізетін қаншама жалған ақпарат тарататынын өз көзіммен көрдім. Бірақ шындық бәрібір ашылады деп сенемін», – деді ол.

Никола Пелтц – америкалық миллиардер Нельсон Пелтц пен бұрынғы модель Клаудия Хеффнер Пелтцтің қызы. Ол Бруклинмен 2022 жылы үйленген. Бруклин – бұрынғы Англия құрамасының футболшысы Дэвид Бекхэм мен дизайнер Виктория Бекхэмнің тұңғышы. Олардың тағы Круз және Ромео есімді ұлдары, Харпер атты қыздары бар.

Бруклин ата-анасының оның некесіне дейін-ақ жұбайымен қарым-қатынасын бұзуға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, анасы тойға аз уақыт қалғанда Николаның көйлегін тігуден бас тартқан. Сонымен қатар, үйлену тойына бірнеше апта қалғанда ата-анасы оны өз есіміне қатысты құқықтардан бас тартатын келісімге қол қоюға қысым көрсетіп, тіпті пара ұсынуға тырысқан.

«Олар бұл құжатқа тойға дейін қол қоюымды талап етті, себебі сонда келісім шарттары күшіне енетін еді. Менің бас тартуым олардың қаржылық жоспарына әсер етті, содан бері қарым-қатынасымыз өзгерді», – деді ол.

Сондай-ақ Бруклин анасы той кезінде оның Николамен алғашқы биін «тартып алып», қонақтардың көзінше өзін ыңғайсыз сезіндіретін әрекет жасағанын айтты. Бұл сәтті ол өміріндегі ең қорланған әрі жайсыз жағдайлардың бірі деп сипаттады.

Оның айтуынша, жұбайы да отбасы тарапынан құрметсіздікке ұшыраған және әкесінің 50 жылдық мерейтойына шақырылмаған.

«Менің отбасым үшін ең басты құндылық – атақ пен бренд. “Бекхэм” бренді бәрінен жоғары. Отбасылық “махаббат” әлеуметтік желіде қаншалықты жиі жазба салатыныңа немесе отбасылық фотоға түсу үшін жұмысыңды тастай салатыныңа байланысты бағаланады», – деді Бруклин.

Ол өзін жұбайы басқарады деген пікірді жоққа шығарып, керісінше, өмір бойы ата-анасының бақылауында болғанын айтты.

«Мен қатты мазасыздықпен өстім. Отбасымнан алыстағаннан бері, алғаш рет сол мазасыздықтан арылдым. Таңертең оянғанда өзім таңдаған өмірге ризамын, тыныштық пен жеңілдік таптым.

Біз жұбайыммен имиджге, баспасөзге немесе манипуляцияға негізделген өмірді қаламаймыз. Бізге керегі – тыныштық, жеке өмір және болашақ отбасымыз үшін бақыт», – деді ол.

Бруклин бұған дейін фотографиямен және аспаздықпен айналысып көрген. 2017 жылы What I See атты фотокітабын шығарды, ал 2024 жылы Cloud23 атты ащы соус брендін іске қосты. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тамақ әзірлеу видеоларын жиі жариялайды.

Тэгтер:

атақ Дэвид Бекхэм