Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мектеп автобустарын пайдалану кезіндегі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеріс барысында Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау ережелерін (бұдан әрі - Ереже), сондай-ақ мектеп автобустарын пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталды.
Осылайша, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарының оқу орындарында мектеп автобустарын «Балаларды тасымалдау» сары жыпылықтайтын шамдармен және міндетті сәйкестендіру белгілерімен жабдықтау бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.
Ғ.Мүсірепов ауданы Шөптікөл ауылындағы мектеп автобусында қауіпсіздік белдіктері ақаулы жағдайда болған, бұл жол қауіпсіздігінің міндетті талаптарына сайкелмейді.
Сол ауданда Бірлік, Салқынкөл, Тахтаброд және Калиновка мектептерінің мектеп автобустарында дабыл түймелері жұмыс істемей тұрған.
Бұл ретте Шал ақын және Ғ.Мүсірепов аудандарындағы мектеп автобустарында пайдалану мерзімі өтіп кеткен өрт сөндіргіштер пайдаланылған, білім беру ұйымдарының жүргізушілері Ереже талаптарын бұза отырып, борттық журналдар жүргізбеген.
Петропавл қаласында оқу орындарының жекелеген жүргізушілері жолға шығаралдында міндетті медициналық тексеруден өтпей, оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар, оның ішінде мектеп директорлары заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтар жойылып, көліктер белгіленген талаптарға сәйкестендірілді.
Осылайша кәмелетке толмаған 457 баланың құқығы қорғалды.