Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өмірден өтті

Бүгін, 09:16 / Інжу Әлихан
Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Суыт хабарды Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы жеткізді. 

«Марқұмның отбасы, туған-туыстарына, жақындарына, қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз!

Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханның дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық.

Гүлзира Бөкейхан – шет елде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей жан еді. Ол Қытайда туып-өскен қазақтар арасынан алғаш болып елге танылған өнер жұлдызына айналып, халқымыздың мәдени мұрасын жаңа белеске көтерді.

Марқұмның асқақ үні, сахнадағы дара болмысы, ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілігі халық жадында мәңгі сақталады. Гүлзира ханым Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған көптеген игі шараларға әрдайым қолдау көрсетіп, шетелдерге жасалған сапарларда бірге болып, қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытуға сүбелі үлес қосты», – делінген хабарламада.