Бестөбеде шахтаға заңсыз кірген азамат қаза тапты

Бүгін, 09:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

«Қазақалтын» кәсіпорнына қарасты Бестөбе кентіндегі «Новая» шахтасына заңсыз кірген ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 18 қаңтарда болған. Қаза тапқан азамат — Степногорск қаласының 35 жастағы тұрғыны, жұмыссыз ретінде тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам күзетілетін нысан аумағына рұқсатсыз кірген.

«Бестөбе кентіндегі “Новая” шахтасының 610-шы горизонты деңгейінде мәйіттің табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

ҚР ҚК 269-1-бабының 3-бөлігі (күзетілетін нысанға заңсыз кіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Тэгтер:

шахта Бестөбе