Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында мас күйінде көлік жүргізген азамат ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылғы 11 қаңтарда Сәтбаев қаласында полиция қызметкерлері 45 жастағы қала тұрғыны тізгіндеген Volkswagen Polo автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің «жеңіл дәрежедегі» алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
Бұл азамат бұған дейін де көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарғаны үшін екі рет сотталған:
2020 жылы әкімшілік тәртіппен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған;
2022 жылы Сәтбаев қалалық сотының үкімімен 6 айға бас бостандығынан айырылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған.
Соған қарамастан, құқықбұзушы мас күйінде қайтадан рөлге отырған.
Көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның мас күйінде автокөлік басқару фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Күдікті ұсталып, сот санкциясына дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.