Смартфонға тәуелділер жалғыздықты ауыр қабылдайды – ғалымдар

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Смартфонды шамадан тыс пайдалану әлеуметтік оқшаулану мен шеттетуді ми деңгейінде ауыррақ сезінуге әкелуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Гейдельберг университеттік клиникасының ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері Computers in Human Behavior журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу көрсеткендей, смартфон қолдануын бақылауда ұстау қиын адамдар әлеуметтік жалғыздықты эмоционалдық тұрғыдан әлдеқайда ауыр қабылдайды. Бұл құбылыс ми белсенділігі деңгейінде байқалған. Авторлардың пікірінше, бұл цифрлық құрылғыларға компульсивті түрде жүгінудің негізгі психологиялық тетіктерінің бірі болуы мүмкін.

Бұған дейінгі еңбектерде смартфонға тәуелділік көбіне дофамин мен марапаттау жүйесі арқылы түсіндірілсе, бұл жолы зерттеушілер мәселенің әлеуметтік қырына назар аударған. Қазіргі таңда смартфон – адамдар арасындағы байланыстың басты құралы. Сондықтан үнемі онлайн болуға ұмтылу жалғыздықпен байланысты жағымсыз сезімдерден қашудың бір жолы болуы ықтимал.

Экспериментке 18 бен 30 жас аралығындағы 41 адам қатысты. Арнайы шкала арқылы олар смартфонды шамадан тыс қолданатындар тобына және бақылау тобына бөлінді. Функционалды МРТ кезінде қатысушылар Cyberball атты виртуалды ойынды орындады. Бұл ойын әлеуметтік қабылдау мен шеттетуді модельдейді.

Ойын барысында қатысушыларды әдейі «елемей қойған» сәттерде смартфонды шамадан тыс қолданатын адамдардың миындағы ортаңғы белдеулі қыртыстың белсенділігі артқаны байқалды. Бұл аймақ эмоциялық ауырсыну мен жағымсыз сезімдерге жауап береді. Ал бақылау тобында ұқсас жағдайда эмоциядан гөрі зейінге жауапты аймақтар белсендірек жұмыс істеген.

Сонымен қатар, смартфонға тәуелділігі жоғары қатысушылар маңызды нәрседен құр қалып қою қорқынышын (FOMO) өлшейтін шкалада да жоғары балл жинаған. Ғалымдардың пікірінше, әлеуметтік шеттетуді аса сезімтал қабылдау мұндай адамдарды смартфонға жиі жүгінуге, оны оқшауланудан қорғану құралы ретінде пайдалануға итермелеуі мүмкін.

Зерттеу авторлары смартфондар бұл жағдайда тек тәуелділік тудырып қана қоймай, адамның эмоциялық әлсіздігін күшейтетінін атап өтеді. Бұл кей адамдарға телефонды шетке қою неге соншалықты қиын екенін түсіну үшін әлеуметтік және психологиялық факторларды міндетті түрде ескеру қажет екенін көрсетеді.

Тэгтер:

смартфон жалғыздық